Таразда үздік жас мамандар марапатталды
Салтанатты шара Баласағұн орталық концерт залында өтті. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев марапаттап, алғыс білдірді.
Облыстық жастар сыйлығын алғандардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, актер, журналист, мемлекеттік қызметкер де бар. Олар – қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, өңірдің дамуына үлес қосқан жандар. Шара сан салада қызмет етіп жүрген жас мамандардың деңгейін арттырып, жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Ержан Төлебеков, дәрігер:
- Жамбыл аудандық орталық ауруханасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2019 жылы келген болатынмын. Өте қуаныштымын. Осындай номинацияға ие болам деп ойлаған жоқпын. Барша саланың қызметкерлеріне тек қана өзімнің алғысымды айтамын.
Үздіктер сыйлығын облыс әкімі табыстап, жастарды марапаттады. Жеңімпаздарға арнайы ескерткіш сыйлық, диплом және 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Шара барысында Бердібек Сапарбаев жамбылдық жастарға лекция оқып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
- Жас мамандарды көбейтуіміз керек. Әсіресе, ауылдарда. Қазіргі таңда біздің облыста 230 мыңға жуық жастар тұрады. Ол халқымыздың 21%. Соның 70% ауылда тұрады. Ауылды да көтеруіміз керек.
Салтанатты шара кезінде бірқатар тың жоба талқыланып, жастар саясатына қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Сондай-ақ жиын барысында жастарға арналған орталық ашылатындығы белгілі болды. Ол белсенді жастар бас қосып, идея алмасатын алаңға айналмақ. Онда заманауи коворкинг, электрондық кітапхана, көшбасшылық қабілетті дамыту және ағылшын тілін үйрету кабинеттері қарастырылады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә