Елімізде ауызсу мәселесі қашан шешіледі?
Бұл мәселені шешу үшін осыдан 6 жыл бұрын Преснов топтық су құбырында жаңғырту жұмыстары басталған еді. Бірақ құрылыс барысы түрлі себептермен тым ұзаққа созылып кетті.
Жауаптылар егер тапсырыс беруші шара қолданбаса, шаруалар келер жылы да аяқталмауы мүмкін екендігін айтып отыр. Жалпы елімізде осы бағытта қолға алынған жобалар, қалай жүзеге асуда? Елімізде ауызсу мәселесі, қашан шешіледі?
Солтүстік қазақстан облысындағы Преснов топтық су құбырының әбден тозығы жеткен. Сондықтан 2014 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді мұнда. Өкініштісі сол, міне, 6 жылдан астам уақыт өтті, шаруалар әлі аяқталған жоқ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 7,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, екі аудандағы 15 ауыл таза ауызсумен қамтылуы тиіс болатын. Алайда бүгінде жұмыстардың тек 42 проценті ғана атқарылған.
Әділбек Әубәкіров, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– Биыл шаруалар тек күзде басталды. Яғни 1,9 миллиард теңгенің 375 миллионы ғана игерілді. Ал өткен жылы еш іс тындырылмай 2,9 миллиард теңгенің барлығы бюджетке қайтарылды. Мердігерлер ауысты. Тапсырыс беруші – Су ресурстары комитеті. Сондықтан Экология министрлігі арнайы шара қолданбаса, жұмыстар тағы біренеше жылға созылып кетуі мүмкін.
Ал Алматы облысында жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Келер жылы Еңбекшіқазақ ауданының 76 мыңнан астам тұрғыны таза ауызсумен қамтылады. Биыл сәуірде топтық су құбырының құрылысы басталды. Жоба құны шамамен – 4 миллиард теңге. Қаржының үштен бірі игеріліп, 30 шақырымға жаңадан құбыр төселді.
Бағлан Әбілқасымов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– Су сорғыш қондырғылары толығымен сатып алынды. 700 кубтан тұратын екі резервуардың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қалған жұмыстар жоспарлы түрде 2021 жылға өтеді. Осы топтық су құбырына Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы және 8 елдімекені қосылады.
Қызылорда өңіріндегі «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры 30 жылдан астам Арал және Қазалы аудандарының 160 мыңдай тұрғынының игілігіне жарап тұр. 2012 жылы бұл магистральдың екінші желісі салынды. Бұдан бөлек, былтыр облыста екі топтық су құбыры іске қосылды. Оның бірі – Шиелі ауданының 8 ауылындағы 22 мыңдай халықты тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамасыз етсе, екіншісі – Жаңақорған ауданының 16 елді мекеніндегі 24 мыңдай тұрғынға ауыс су жеткізді. Ал келер жылы өңірде «Талап» топтық су желісі іске қосылмақ.
Өмірзақ Қожақов, салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясының бөлім басшысы:
– Бұл су құбыры негізінен осы Жаңақорған ауданының 12 елдімекенін қамтиды. Қазіргі таңда осы жобада қаралған барлығы 247 шақырым магистральды су құбыры және елдімекендердің ішкі су желілерінің бәрі қазіргі таңда жүргізіліп болды. Бұл нысанды осы алдымыздағы көктем айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Еліміздің батысында Сырым ауданында жалпы ұзындығы 77 шақырым болатын топтық су құбыры пайдалануға берілді. Екі жылға жоспарланған жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталды. Тіршілік нәрі Кеңащы жерасты су қорынан тартылды. Нәтижесінде Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына тіршілік нәрі жетті. Алайда судың құрамында темір көп, сондықтан екінші нүктедегі сорғы стансасында ол толық тазартудан өткізілмек.
Талғат Қажығалиев, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары:
– Фильтрлері, қоспалары өзінің бәрі бар. Темірден жұмсартады суды. Кеңащы су қорында 50 жылдық қор бар. Диебеті, бәрі жақсы. Жоба бойынша есептелген, бір суткаға 1800 куб суды бере алады. Ал қазіргі алып тұрғаны тек қана – 500-400 куб.
Жалпы елімізде 2025 жылға дейін ауызсу мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс. Осы аралықта 3 мыңнан астам шақырымды құрайтын 11 топтық су құбыры жаңартылады. Нәтижесінде таза судан тарығып отырған 87 ауыл сапалы тіршілік нәрімен қамтылады деген болжам бар.
Авторы: Самат Қайырденұлы, аймақтағы тілшілердің көмегімен