Хабар телеарнасы

Алматы ертегі қалаға айналды

Соған қарамастан, кәсіпкерлер қаланың көркін арттыру үшін аянып қалмапты. Мәселен, Орталықтағы жарқыраған шаммен әсемделген ертегі қалашық таңдай қақтырады. Қаланы жаңажылдық безендіруде қарапайым тұрғындардың да үлесі бар.

Коронавирустың кесірінен биыл барлық мерекелер дабырасыз өтуде. Жыл ауысар сәтке де жылдағыдай басымдық беріліп жатқан жоқ. Дегенмен қалада жаңажылдық көңіл күй сезіледі. Тұрғындар биыл дәстүр бойынша Орталық алаңға немесе саябаққа емес, ірі сауда үйлерінің алдындағы зәулім шыршаларды қызықтауда.

Дана Темірғали, қала тұрғыны:

– Неше түрлі видеороликтер, клиптар түсіруге болады. Өзіміз де осыған фотоға түсуге келдік. Естелік болып қалсын деп. Үлкен шырша тұр. Оның өзі балаларға бір ғажайыпқа сенуге әсерін тигізеді ғой. Сол жағы ұнады.

Меруерт Серікқызы, қала тұрғыны:

– Түнгі Алматыны аралап шықтық. Өте әдемі, өте қатты жақсы әсердеміз. Бәрі ұнап жатыр. Жаңа жылда бұл ертегі қалаға айналған сияқты.

Ал мына ертегі қалашық кетіп бара жатқан жылдың ауырлығын ұмыттырып, келер жылға үміт сыйлайтындай әсер қалдырады. Биыл шыршаның қызығы мен Аяз атаның сыйлығынан құр қалған бүлдіршіндер де бір сәт ғажайыпқа тап келгендей таңырқауда. Сәтпаев көшесінің бойындағы бұл алаңқай да кәсіпкерлердің көмегімен безендірілген.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

– Қаланың ортасында пайда болған бұл ертегі қалашықтағы әсем безендірілген шыршалар, жарқыраған жұлдыздар, ертегі кейіпкерлері үлкенге де, кішіге де мерекелік көңіл күй сыйлайды. Нағыз ғажайып әлем деуге болады. Алматылықтар мұнда тағы бір Жаңа жылды есте сақтау үшін естелік фотоға түсуде. Бұл мүмкіндікті біз де құр жібермедік...

БЛИЦ:

– Жасым – бесте, үйдің ең үлкенімін. Мына жақ өте күшті. Жарқыраған безендіру де күшті.

– Бұл жерде мерекелік көңіл күй, түрлі шыршалар, Қаланың басқа жерлерінде де осындай керемет безендірілген жерлер болса, тіпті керемет болар еді.

Кекілбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындарының Жаңа жыл қарсаңында аулаларын сәндеп жүргендеріне 7 жыл болыпты. Көзге ерекше түскен шағын композицияны Даниил қоқысқа тасталған заттардан құрастырған.

Даниил Попов, қала тұрғыны:

– Менің мамандығым – электрик. Интернетте біреулер істен шыққан шамдарын тегін берді. Соларды жөндеп, іске қостым. Шыршаның жанындағы ойыншықтарды қоқыста жатқан жерінен алып, безендірдім. Көршілерім де артық жылтырақтарымен бөлісті.

Мына жаңажылдық тізбекті жарықты Даниил өзі жасаған. Кәдімгі шамға түрлі-түсті жарық диодты шамды енгізген. Шебер әр жыл сайын композициясын байытып, көркейтпек ойда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев