Жамбыл облысындағы төрт ауылда ауызсу мәселесі шешілді
Құмарық, Жарлысу, Тасшолақ және Әбжапар елді мекендерінде орталықтандырылған сапалы су бұрын-соңды болмаған. Жергілікті жұрт бұған дейін құдық пен арықтан аққан суды ішіп отырған еді. Енді бұл қиыншылықтар жаңа жылдан бастап артта қалды.
Тасшолақ ауылының халқы тау суын ішіп келген. 600-ге тарта адам тұратын елді мекенде ауызсу ұзақ жылдан бергі мәселе еді. Жұрт мәселені жиын сайын көтеріп келсе де, түйткілдің түйіні шешілмеген болатын. 2020 жылы мемлекеттің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, көпшіліктің тілегі орындалды.
Жұмабек Байсақов, Тасшолақ ауылының тұрғыны:
- Суды анау пойыз жолдың арғы жағындағы казармадан тасығанбыз. Қазір бәрі жақсы, шүкір.
Арықтың сумен тіршілік еткен Әбжапар ауылының да проблемасы шешілді. 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, су жүйесі жүргізілді. Қазір мамандар ауыл ішіндегі құбырларға су жіберіп, тексеріп көріп жатыр.
Мұхамеджан Орынбаев, мердігер:
- Қалған негізгі жұмыстардың бәрін бітіріп қойдық. Елді мекен ішіндегі құбырлардың бәрі бітті. Суды жіберіп көріп, кейбір су аққан жерлерін істеп жатырмыз.
Тұрар Рысқұлов ауданында 42 елді мекен бар. Оның 26-сы таза ауызсумен қамтылған. Қазір ауданда Әбжапар, Тасшолақ, Байтелі және Жарлысудан бөлек, тағы төрт ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жұмысы толық бітсе, ауызсумен қамтылу көрсеткіші артады.
Ерболат Садырқұлов, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі:
- Жалпы халықтың санымен санағанда бізде 88% қамтамасыз етілген. Егер қазір жүргізіліп жатқан елді мекендердің құрылысы толық аяқталатын болса, 90% шығатын боламыз.
Айта кету керек, Тұрар Рысқұлов ауданында газдандыру мәселесі де өзекті. Биыл тоғыз ауылға табиғи газ тарту жоспарда. Жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазірдің өзінде магистральді құбырлар тартылып, бес ауылдың маңына келіп тұр. Жуырда ауылішілік жұмыстар басталады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә