Ақтауда жұмыртқа тапшылығы жойылды
Қазір өнім жергілікті базарлар мен дүкендерге жеткізіліп жатыр. Айдың соңына дейін тағы бірнеше жүк көлігі келеді деп жоспарланған. Ал бағасына келсек, былтырғымен салыстырғанда шамамен 10 процентке қымбаттағаны байқалады. Мәселен, өңірде 10 жұмыртқаның құны 2020 жылдың күз айларында 390 теңге болса, қазір 480-490 теңге шамасында.
Ақтауда тауық жұмыртқасының тапшылығы әсіресе өткен жылдың соңғы аптасында ерекше байқалды. Жаңажылдық ас мәзіріне қажет тамақты іздеген тұрғындар қала шарлап, іздеп кетті. «Тіптен кей дүкендерде бір жанұяға белгілі бір мөлшерде ғана жұмыртқа сатылған күндер болды», – дейді тұрғындар.
Асқар Аманқұлов, қала тұрғыны:
– Жаңа жылдан бұрын байқағаным, кейбір магазиндерде адам басына 10 жұмыртқадан беріп жүрді. Сол кезде тапшы болды. Ал қазір жеткілікті, бағасы да қолжетімді.
Жазира Мирғалиева, қала тұрғыны:
– Жаңа жылға дейін жұмыртқа бағасы бірден қымбаттап кетті және шектеу болды. Қазіргі таңда бұрынғыша қалағанша ала бересің. Қазір бағасы – 48 теңгеден.
Жауапты мамандардың сөзінше, жұмыртқа тапшылығы былтыр орталық өңірлерде құс тұмауы салдарынан кейбір құс фабрикаларының жабылуына байланысты туындаған. Жаңа жыл мерекесі алдында тауық өніміне сұраныстың күрт артуы жағдайды қиындатып жіберді. Өз кезегінде жергілікті әкімдікке басқа аймақтардан шұғыл түрде қосымша жұмыртқа алдыртуға тура келді.
Тілеген Едігеев, «Ақтау қалалық Сауда және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы:
– Қазіргі таңда ешқандай мәселе жоқ. Қаладағы барлық ірі супермаркет, гипермаркет желілерінде жұмыртқа бар. Көтерме саудамен айналысатын ірі кәсіпкерлер қосымша алдағы уақытта 3-4 фура жұмыртқа алып келуге жұмыстанып жатыр. Және бұған жұмыртқа өндіретін зауыттар келісім берген.
Маңғыстау өңірінде азық-түліктің 85 проценті өзге аймақтар мен көрші мемлекеттерден тасымалданады. Соның ішінде тауық жұмыртқасы Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысынан және Ресейдің Орынбор қаласынан жеткізіледі.
Айта кетейік, Ақтауға іргелес Сайын Шапағатов ауылында ірі құс фабрикасы салынып жатыр. Нысан биыл ашылуы тиіс. Мұнда тек тоңазытылған тауық еті өндіріледі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев