Кәсіпорындар төлейтін айыппұл экологиялық ахуалды оңалтуға жұмсалады
Бұл норма жаңа Экологиялық кодексте жазылған. Бұрын айыппұлдан түскен қаржы көлемі жергілікті биліктің бағыттауы бойынша басқа салаға кетіп, экология тіптен назардан тыс қалып жататын. Бұл Теміртау қаласы сынды экологиялық мәселесі өткір тұрған қалаларға қаншалықты тиімді?
Қарағанды облысының бюджетіне өткен жылы қоршаған ортаға эмиссия ретінде, яғни зиянды қалдықтар үшін 17 млрд теңгеге жуық қаржы түскен. Алайда оның нақты қанша көлемі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталғаны белгісіз. Белгілісі, жаңа қабылданған заң шеңберінде 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы орган айыппұлды 100% табиғатты қорғауға және оңалтуға жұмсауы тиіс.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Ірі кәсіпорындар экологиялық талаптарға сәйкестендіру үшін, олар он жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұл уақытта оларды эмиссия үшін ақша төлеуден босатамыз. Егер кәсіпорындар замануи технологияларға көшпесе, эмиссия төлемдері 2025 жылдан бастап екі есеге, 2028 жылдан бастап төрт есеге, 2031 жылдан сегіз есеге өседі. Сондықтан бұл жерде кәсіпорынның өзі қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды аз шығаратын заманауи құралдарды қоюға ниетті болады.
Теміртау қаласының экологиясына орасан зор кері әсерін тигізіп тұрған металлургиялық комбинат бар. Келісім бойынша ол алдағы уақытта ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін кемі 30% қысқаратынын айтқан. Алайда іс жүзінде бұған қол жеткізу мүмкін болмай отырған көрінеді.
Биджу Наир, кәсіпорын басшысы:
- Біздің жоспар бойынша егер қазандықтар көгілдір отынға көшсе, зиянды қалдық көлемі азаюы тиіс еді. Алайда газдың бізге қажетті көлемі жеткізілмей отыр. Сондықтан альтернативті отын көзін қарап жатырмыз. Біз жауапкершіліктен қашып отырғаны жоқпыз. Бұл межеге алдағы үш айда қол жеткіземіз.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы болса, елде экологияға ауқымды залалын тигізетін 50 кәсіпорын барын айтады. Олардың 18-і аудиттен өткен. Бұған қоса ақпан айында Қарағанды облысындағы бірқатар ірі кәсіпорын жаппай тексеріліп, олардың замануи технологияларға көшу дайындығы сараланады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев