Жұрт жайылымдық жерге жарымай отыр
Өйткені соңғы кезде мал жайбарақат жайылудың орнына, қорада қамалып тұр. Оған себеп біреу, жайылымдық жер жетпейді. Бұл ауыл жұртшылығы үшін ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы үшін де маңызды мәселе. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында пайдаланылмай жатқан жайлымыдарды қайтаруды тапсырғаны белгілі.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Кезінде табын малын өріске айдап, төрт түлігін төсінде өргізетін ауылдағы ағайын жасыратыны жоқ, қазір жайылымдық жерге жарымай отыр. Мұндай мәселе көптеген елді мекенде бар. Салдарынан ауылдағы ағайын мал ұстаудан қалған.
Федор Шрайбер, Петерфельд ауылының тұрғыны:
- Мал бағатын жер жоқ. Бақташы оларды он шақырымнан астам жерге апарып жаяды. Қазір қалалықтар сияқтымыз. Ешкім сиыр ұстамайды. Былтыр көктемде өріске ауылдан тек 90 бас мал шықты. Бұрын үш табын, оның әрқайсысында жүзден астам бас болатын.
СҚО-ның жалпы аумағы 9 млн 804 мың гектар. Оның 7,3 млн гектардан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. 3 млн 269 мың гектар жер жайылымға берілген. Алайда өріске әлі 1 млн-ға жуық гектар жетіспейді.
Жалғас Сүйлейменов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Мәселені шешу үшін арнайы жоспар бекітіліп, Ақжар, Тайынша аудандарында бұл жұмыстар басталып кетті. Былтыр 20 мың гектар жайылымдық жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Шаруалар биыл да жалғасады.
Жетісу жерінде де жайылымнан таршылық көріп отырғандар аз емес. Матай Байысов ауылының тұрғындары әбден тығырыққа тірелген. Олар қыста қолдағы малды ауыл іргесіндегі суармалы жерлерге жаятын. Ал нәпақасын жерден іздеген шаруалар өңірдегі стратегиялық дақыл болып саналатын қызылша алқаптарына ауылдастарының мал жаюына қарсы. Өйткені көктемге дайындап қойған жерді мал таптаса, егіс науқаны кезінде оны қайтадан жыртуға тура келеді.
Тоқтар Мұрсал, ауыл тұрғыны:
- Бұрын осы малды өріске жаятынбыз. Кешке бір уақыт қана жем-шөбін берсек те, күндіз далада жүріп келетін. Қазір далаға шықпай қалды. Жем-шөп жоқ. Жерді жыртып тастаған, өртеп жіберген. Жайылым жоқ. Одан кейін мал ұстай алмасақ, күнкөрісіміз қалай болады?
Ал Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Былтыр түгендеу жұмыстары барысында 77 мың гектар пайдаланылмаған жайылымдық жер анықталып, оның 50 мың гектары жер иелерінің келісімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалғандары келісімін бермеген. Жауапты мамандардың айтуынша, заңға сәйкес пайдаланылмаған жерді қайтарып алуға екі жылдай уақыт керек. Сондықтан олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Самат Рамазанов, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда заңға өзгерістер енгізу бойынша шаралар өткізіліп, Мәжілісте Жер кодексіне, басқа да заңдарға өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар қазір Бас прокуратурамен бірге мерзімін қысқарту жөнінде жұмыс істеп жатырмыз.
Мәселе өзекті. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдар қайтарылады. Олай болмаған жағдайда ауылдықтарға бұдан былай сүт-майды дүкеннен сатып алуға тура келеді. Себебі жайылым болмаса, мал ұстау тиімсіз.
Авторы: Самат Қайырденұлы