Онлайн сауда қызып тұр
Сонымен қатар пандемия кезінде электронды сауданың үлесі артқан. Бірақ кей азық-түлікті өндіру көлемі қысқарған.
Пандемия онлайн сауданың дамуына серпін берді. Карантин кезінде қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі ұлғайды. Әсіресе дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар және азық-түлік саудасының өсімі байқалды. Онлайн сауданың үлесі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 435 миллиард теңгеге жеткен. Ал былтыр жыл соңында бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш 2022 жылға қарай 1.9 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.
Енді онлайн-дүкендерге салық салынуы мүмкін. Бірақ бұл шетелдік интернет-дүкендерге ғана қатысты. Мұндағы мақсат, біріншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау. Екіншіден, қызметтің заң шеңберінде жүргізілуі, үшіншісі, отандық кәсіпкерлерді қолдау.
2020 жылдың үшінші тоқсанының соңында әлемдік сауда көлемі 8% азайған. Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауынша, ЕАЭО сыртқы сауда көлемі 2020 жылдың соңына қарай 16.5%, ал ішкі саудасы 11.5% төмендеген. ЕАЭО 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында ел мүддесіне қайшы келетін 240 іс-шараның күші жойылған. Яғни ел саудасының даму стратегиясына қажет мазмұндағы 106 іс-шара енгізілген.
Пандемия кезінде әлемде азық-түлік тапшылығы байқалғаны рас. Мысалы, біздің елде жұмыртқа өндірісі 8% қысқарды. Бұған солтүстік өңірлердегі құс тұмауының таралуы мен қанаттылардың жаппай қырылуы себеп. Сонымен, 2021 жылы қаңтарда ел қалаларының базарлары мен дүкендерінде он жұмыртқаның құны орташа есеппен 396 теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 30.4% қымбат.
Былтыр ел азаматтарының жалақысы көтерілді. Мысалы, 2020 жылдың төртінші тоқсанында орташа айлық жалақы 203.9 мың теңге болды. Өңірлер арасында орташа айлық жалақының ең үлкен мөлшері – дәстүрлі түрде Атырау облысында 377.4 мың теңге. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 62% көп. Орташа айлық жалақысы жоғары аймақтар «үштігіне» Нұр-Сұлтан (349.6 мың тг) және Маңғыстау өңірі (337.7 мың тг) кіреді. Ал төменгі жалақы Түркістан (166.7 мың тг), Жамбыл (168.8 мың тг) және Солтүстік Қазақстан аймақтарына (168.9 мың тг) тиесілі.