Коронавирустан кейінгі дәрігер мамандығы пайда болуы мүмкін
Мына COVID-19 мәселесін бөлек зерттеу керек сияқты. Тіпті осы бағыт бойынша дәрігерлер арнайы мамандандырылса да дұрыс.
Көбіміз мән бере бемейміз. Бұл белгілер талай дерттің бастауынан белгі береді екен. Дәрігерлер оны «өтпелі бұзылыстар» деп атайды. Бірақ ол үнемі өтіп кетпейді. Бір сәтте тамыр жарылып, инсульт алуымыз бек мүмкін. Осы белгілер байқалса, әсіресе COVID-19 вирусымен ауырған азаматтар қосымша тексеріліп алғаны абзал.
Гүлсім Досыбаева, дәрігер-невропатолог:
- Қарапайым мысал келтірейін, көліктің өзін жарты жылда бір рет майын, сүзгісін ауыстырып, тексертіп отырамыз. Ол – темір. Ал біз тірі ағза бола тұра өзіміздің денсаулығымызға салғырт қараймыз. Коронавируспен ауырған адамның қаны қоюлануы мүмкін. Сондықтан да оларға, жалпы барлық адамға тексеріліп тұрған пайдалы. Шетелде ауырса да, ауырмасада скринингтен өту мәдениеті қалыптасқан.
Сол мәдениеттің бізге жетпей тұрғанын келесі сандар нақтылай түседі. 2020 жылы жүз мың халыққа шаққанда 200-ге тарта адам инсульттан көз жұмған.
Жалпы жыл сайын елде 40 мың адам инсульт алады. Ал былтырдан бері коронавирустың асқынуы себебінен 250 адам инсульт алған.
Ботакөз Ақайдарова, терапевт:
- Қанның, зәрдің жалпы талдамасы, бүйрекке, жүрекке ультрадыбыс жасаймыз. Ал көпшілік күретамырын тексертпейді. Оны да ультрадыбысқа түсіріп, қан тамырының тазалығын біліп тұру қажет. Сондай-ақ кардиограмма да керек.
Жүрек ауруы. Бұл саланың да өзіндік мәселесі бар. Сенатор Нұртөре Жүсіп ол туралы депутаттық сауал жолдады. Көтеріп отырған мәселесі – маман тапшылығы.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазіргі таңда Қазақстанда балалардың жүрек аритмиясы бойынша терапиялық зерттеу жүргізіле бермейді. Өйткені республикамызда балалар аритмологтары, балалар кардиохирургы мамандары жетіспейді. Үкімет осындай мамандықтар бойынша арнайы кадр даярлау мәселесін қолға алуы тиіс.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Тағы бір мәселе, соңғы уақытта жүрегі ауыратын балалар көбейген. Былтыр еліміз бойынша 1600 балаға операция жасалыпты. Оның мыңға жуығы – бір жасқа толмаған сәбилер.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков, Аманжол Байғазин