Ел азаматтары дәулетін жариялауға міндеттеледі
«Бұл қалай болар екен?», – деп түсінбей жүргендер көп. Әрине, біреулер мұны жөн көрер, бірақ дәулетін құпия ұстағысы келетіндер де бар. Экономистің сөзінше, көлеңкеде қазір 20 трлн ақша айналымда. Ол қазынаға түсуі тиіс бақандай 2 трлн екен. Міне, осындай олқылықтардың алдын алу үшін іс-шараның 1-кезеңі басталып кетті. Негізі төрт кезең бойынша жүргізіледі. Айтпақшы, кезек қарапайым халыққа да келеді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Әсілі ежелгі қазақ қоғамында бай мен кедей ұғымы болмаған. Қазір Үсен мен Асанның аражігі алшақтағанын байқауға болады. Арыға бармай-ақ қояйық. Мынау кеңестік кезеңде де бүкіл ел, барша жұрт тең дәрежеде өмір сүрді. Бұл енді ардың не заңның ісі болды. Қазір ше? Қазір арды аттап, заңды белшесінен басқандар баршылық. Екі жеп биге шығып, қазынадағы қаржыны қарпып жүргендер пайда болды. Айтпағым, қазір декларация енгізілді. Мемлекеттің мақсаты кім қанша пайда тапты дегенді тінту емес, кім қайдан пайда тапты дегенге көбірек саяды.
Дина Құсайынова, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы:
- Мәселен, бір адам 15 млн теңгеге көлік сатып алса, ол қандай қаражатқа алғанын көрсету керек. Азамат декларация толтырғанда «бір жыл бойы жалақымды жинадым, қалған 3 млн теңгені банктен несие алдым» деп тәптіштеп жазады. Кез келген ірі көлемде жүргізілген сауда камералық бақылау арқылы тексеріледі.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Бірақ соған қарамастан, қазір дәулетін жасырын ұстағысы келетіндер бар. Белгілі экономистердің сөзіне құлақ ассақ, қазір көлеңкеде 20 трлн теңге ақша айналып жатыр. Елестетіп көріңізші. Егер оның 10% салық ретінде қарастырсақ, қазынаға 2 трлн теңге түседі. Қалтаға кеткенше, қазынаны толтырсын. Бұл ұсынысты депутаттар қолдап отыр. Нұрлан Қылышбаев: «Қысылмай-қымтырылмай, жиғанымды көрсетуге даярмын», – дейді.
Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жалпыға бірдей декларация еліміздің экономикалық ахуалын бағамдауға бағытталған. Бұл ретте әлеуметтің аз қамтылған топтарын анықтау үшін нақты мемлекеттік қолдау шарасын әзірлеу керек. Бізде қазір төлем көп жүргізіледі. Содан қарап-ақ, адам жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па білуге болады. Яғни кірісін байқап, тексеруге болады.
Қоғам екі түрлі. Кейде бір түрлі. «Қой, қайдам, байлығын әйелінің атына жаздыра салады ғой» - деп айтуыңыз мүмкін. Декларацияның талабы бойынша, мемлекеттік қызметкерлермен қатар олардың әйелдері де жиған-тергенін жариялауға міндетті. Қазір түсінікті болу үшін былай сабақтайын. Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың аяулы жарлары, 2-кезеңде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың екінші жартылары, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер, ал 2025 жылдан бастап ел азаматтары түгел кіріске қатысты ақпаратты ұсынады. Ішінде мен де, сіз де барсыз. Жалтарған жағдайда жазаға тартылуыңыз бек мүмкін.
Анар Жарова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі:
- Шенеуніктердің шығыны мен кірісін тексеру кезінде айырмашылық байқалса, қосымша 10% көлемінде жеке табыс салығы салынады. Бұл жүйе Салық кодексінде тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Жемқорлық фактісінің алдын алу үшін қаржының қалған 90% әкімшілік тәртіпте тәркіленіп, шенеунік өз қызметінен босатылады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қазір 50 мыңға жуық декларация тапсырылды. Жүйе жыл сайын жүргізіледі. Түптеп келгенде әркім декларация тапсыруға міндеттелсе, біреудің заты біреуге керек болмай қалады емес пе? Сонда бай-бағлан, шен-шекпенділер дәулетін өз атында қалдырады. Сәйкесінше табыс салығын көбірек төлейді. Айтпақшы, мамандар үй-үйді аралап, кімде не бар деп түгендемейді. Барлығы электрондық түрде көрсетіледі. Абай болыңыз демеймін, адал болыңыз дегім келеді.