Қазақстанда автоөндіріс саласының көрсеткіші өсті
Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары екен.
Риат Шони, тілші:
- Темір тұлпарларды шығару ісі елде телміріп тұрған жоқ. Жыл басынан бері 5 981 су жаңа автокөлік құрастырылған екен. Зауыттан шыққан көліктердің жалпы құны 43 млрд 81 млн теңге. Қауымдастықтың мәліметінше, қаңтар айында 5 393 жеңіл автокөлік (+3,9%), 363 жүк көлігі шығарылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 33,9% төмен. Тағы 150 автобус (+354%) құрастырылды.
Экспорт жайлы сөз қозғайтын болсақ, өзге елдерге 137 көлік сатылған. Олардың жалпы құны 636 млн теңге. Импорт жағында да жағымды жаңалық бар. Қымбат көлік мінетіндер үшін сүйінші. Жапониядан елімізге авто алып келетін қазақстандық компания ақпанның 14-інен бастап Жапониядан техника жеткізу мерзімін екі есеге дейін азайтты. Бұрын мұндай транзит шамамен 80 күн құрайтын. Қазір Жаңа Жібек жолының арқасында 35 күнге дейін қысқарып отыр.
Негізі жыл басынан бері Қостанайдағы зауыт 3 600 бірлік техника, Алматыдағы өндіріс ошағы 1 913 автокөлік шығарған. Жалпы нарыққа тоқтайтын болсақ, отандық автоөндірістің үлесі едәуір артқан. Биыл жаңа көліктер саудасының өсімі 54% жетті.