Алматылықтар орталық саябақ аумағында жатақхана салынуына қарсы
Көпшілігінің балалық шағы осы саябақта өткен. Олар жыл сайын саябақтың аумағы кішірейіп бара жатқанына қынжылады. «Жатақхана салынса, аумақтан 67 ағаш кесіледі. Бұл – табиғатқа қиянат», – дейді белсенділер. «Сондай-ақ жатақхана бой көтерсе, жастар шулап, тыныштығымызды бұзады», – дейді сол маңайда тұратындар. 1 наурызда осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өтеді. Қала тұрғындары жанайқайларын жоғары жаққа жеткізу үшін онлайн петиция жариялады.
Татьяна Гайнуллина, қала тұрғыны:
- Бұл – бұрынғы Алматыны еске салатын жалғыз саябақ. Уақыт өте келе кейінгі ұрпақ мұндай саябақ болғанын мүлде ұмытатын шығар. Тұратын жер үшін, ақша үшін неге демалатын жерлерді шығындауымыз керек? Қалада жатақхана салатын басқа да жерлер бар ғой.
Ал құрылысқа тапсырыс беруші Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің басшылығы жатақхана оқу орнына тиесілі жер теліміне салынатынын алға тартуда. Орталық демалыс саябағымен шектесетін 4 гектар жер 2011 жылы университеттің иелігіне берілген. Бұл жерде қазір әскери кафедра мен дене шынықтыру факультетінің студенттері оқитын оқу ғимараттары бар. Құрылысты қала әкімдігі мақұлдаған. «Жатақхана салмасақ, студенттерді тұрғызатын орын жоқ», – дейді университет басшылығы.
Ғабит Дулатов, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры:
- 2018 жылы осы аумақтағы 11 сотық жерге қала әкімінің қаулысымен жатақхана салуға рұқсат берілген. 2018 жылдан бері инвесторлар тартылып, көптеген техникалық жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта құрылысқа заң аясында рұқсат етілген. Қалалық қызметтермен бәрі келісілген. Жатақхана салуға басқа жер ұсынса, инвесторымызбен, өз жобамызбен сол жерден салуға дайынбыз.