Жамбыл облысында өрт салдарынан зардап шеккен отбасына үш бөлмелі пәтер берілді
«Сонымен қатар демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді», – деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қазір марқұм болған балалардың ата-анасына психологиялық және материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 19 ақпан Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы тұрғын үйден өрт шығып, бес бала қаза тапқан еді. Кәмелет жасына толмаған балалар пәтер ішінде ата-ана қарауынсыз қалған. Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
Олжас Сайлаубекұлы, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын көмек ретінде жолдайтын болды. Балалардың ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлармен 3 млн теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді.