Елімізде вакцина ектірудің екінші кезеңі басталды
Осыдан 21 күн бұрын екпені Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният салдырғаны белгілі. Вице-министрдің айтуынша, вакцинаның ешқандай жанама әсері байқалған жоқ.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Екінші екпені алу себебіміз – вакцинацияның керек екенін, осы вирусты жеңетін бірден-бір жолы екенін түсіндіру, иммунитетті қорғау. Сол үшін дайын, тиімді, қауіпсіз деген екпені алдырамыз.
Елімізде вакцина өндірісі жолға қойылысымен, азаматтар екпемен толық қамтылады. Сәуір айында «QazCovid inn» отандық екпесінің үшінші клиникалық сынағы аяқталуы тиіс. Ал әзірге «Спутник V» екпесін бірінші болып салдыртқан медициналық мекеме қызметкерлері де кезекті дозасын ектірді. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерден кейін наурыздағы науқанға ұстаздар мен полицейлер, ал сәуірде студенттер қосылмақ. Айтпақшы, еліміздің Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов өзінің қызы да екпені міндетті түрде салғызатынын жеткізді.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Әлбетте, жақын туыстарымның барлығы вакцина салғызып, өздерін қауіпсіз сезінгенін қалаймын. Бүгінгі таңда вирустан қорғанудың ең тиімді жолы – осы. Отбасы мүшелерінің арасынан студент ретінде үлкен қызым бұл вакцинаны алғашқылардың бірі болып ектіреді деп ойлаймын.
Өкінішке қарай қалғандары әзір вакциналау науқанына бірінші болып қатысатын санатқа жатпайды.