Іле Алатау ұлттық паркінде төрт мың ағаш заңсыз оталды
Алматыға қауіпті өзендердің біріне бөгет салып, селдің алдын алу – қала әкімдігінің жобасы. Алайда құрылыс жұмыстары кезінде заңсыз кесілген төрт мыңнан астам ағаш пен жасыл желек өтеусіз қалуы мүмкін. Осылай деген табиғат жанашырлары ағаш отағандарды жауапқа тартпақ.
Іле Алатау ұлттық паркінің аумағына екі бөгет салу туралы жоба өткен жылы қолға алынған. Жоспар бойынша бөгет қаладағы 300 әкімшілік нысан мен жеке үйлерді селден қорғауға септеседі. Жалпы көлемі 49 гектарды құрайтын құрылыстың көлемі тікұшақтан айқын көрінеді. Экологтардың айтуынша, құрылыс кезінде төрт мыңдай ағаш заңсыз кесілген. Осыған байланысты қазір мердігердің заңбұзушылық әрекеті тексеріліп жатыр.
Тимур Елеусізов, экологиялық қозғалыс жетекшісі:
- Біздің білуімізше, кез келген құрылыс бірінші кезекте экологиялық тұрғыда бағаланады. Экологтармен кездесіп, тиімді жолы табылған соң ғана құрылыс басталуы керек. Ал бұл жерде мердігер тарапынан үлкен заңбұзушылық орын алып отыр. Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге 4 ақпанда ғана рұқсат берген. Ал мердігер қазан айынан бастап ағаштарды қопара бастады. Оған қоса, Жасыл экономика басқармасы мыңға жуық ағаш кесілген дейді. Ал шын мәнінде одан әлдеқайда көп.
49 гектар аумақтағы кесілген желектердің экологтар есептеген көлемі төрт мыңнан асады екен. Олардың арасында қайың, терек, алма, долана, шырғанақ, бөрікқарақат және басқа да кесуге тыйым салынған жасыл желек түрлері бар. Әсіресе «Қызыл кітапқа» енген Сиверс алмасының бірнеше түбі кесілген.
Тимур Елеусізов, экологиялық қозғалыс жетекшісі:
- Оталған мың ағаштың өзі – Алматы қаласы үшін үлкен шығын. Талдарды сақтап қалудың өзге жолдары да бар еді. Мысалы, ағаштарды басқа жерге көшіруге болады. Оның әртүрлі тәсілдері бар. Тіпті ағашты көшірумен айналысатын компаниялар, оған қоса еріктілер де бар.
Жасыл экономика басқармасы әзірге жауап беруден бас тартып отыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, кесілген ағаштарға қатысты тексеріс аяқталмаған. Алайда InAlmaty.kz ақпараттық сайтында әкімдіктің жауабы жазылған. Онда ағаштарды кесуге әкімдік тарапынан мүлде рұқсат етілмегені және өтемі ретінде мердігер 23 мың ағаш отырғызуға міндеттеліпті.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов