Ақмола облысындағы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыстарын білдірді
«Қазіргідей кең заманда емес, сонау қиын-қыстау кезде тамақ пен киім-кешегі өзіне жетпей тұрса да, өзгеге бөліп бере білген қазақ халқы неткен жомарт, неткен дана еді. Жергілікті халық қамқорлығының арқасында қаншама адам талай қиындықтан аман қалып, ұрпақ өрбітуге мүмкіндік алды», – дейді жиналғандар. Айталық, қазір Ақмола облысында 350 мыңнан астам өзге ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатыр.
Мина Жексембаева, қала тұрғыны:
- 1941 жылы әке-шешем жер аударылып келгенде кішіпейілдігін, мейірімділігін көрсеткен елге өмір бойы көздерін жұмғанша алғысын айтып өтті. Бүкіл ұлт атынан қазақ еліне алғыс айтамын.
Александр Артеменко, облыстық «Орыс қоғамы» ҚБ төрағасы:
- Мен қазақ халқына үлкен рахмет айтқым келеді. Себебі қазақтар кезінде менің атамды құтқарып қалған. Ол кісі аман қалмағанда қазір біз де болмаушы едік. Міне, қазақ халқы осында жер аударылып келген әр адамды осылай бауырына басты. Олардың ұрпақтары бүгінде Қазақстанды туған жерім, Отаным деп біледі.