ШҚО-да өзен-көлдегі мұзды жару басталды
Қар мен жердің тоңы қалың жылдары Ертістің төменгі сағасындағы елді мекендерге қауіп төнеді. Сондықтан аймақта ақпан айынан бастап су басуы мүмкін аумақтарды әуеден шолып, алдын ала мониторинг жүргізілді. Биыл облыстағы кейбір өзендердегі мұздың қалыңдығы 2 метрге жетеді. Енді күн райы күрт жылынса, қызыл су мұздың үстіне шығуы мүмкін. Сондықтан өзендердің сағасы тазарталып жатыр.
Бүгінге дейін өңірде 500-ден аса арық-атыз және 400-ге жуық көпірдің мұзы ойылды. Ал қыс түскеннен бері 300 мың текше метр қар шығарылған. Жалпы аймақта 94 елді мекенде жасанды бөгет салынып, 15 мың тоннадан астам инертті материал дайындалды.
Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:
- Шемонайха ауданында бүгінгі таңда 20 мың текше метр қар шығарылды, 4.5 шақырым арық тазаланды. Инерттік материалдар дайындалды. Ауданның резервінде қаражат жеткілікті.