Батыс Қазақстан медициналық университеті өткен жылы 600-ге жуық эпидемиолог маман даярлаған
Індетпен күресте бұл айтарлықтай көмек болды. Осы уақыт аралығында дәрігерлер қауіпті індетке қарсы тұруға біршама машықтанып алды. Ал өңірдегі 25 медицина мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Майра Нұрғалиева соңғы жыл ішінде ақ халаттыларға қоғамның ықыласы мен ілтипатының артқандығына қуанышты. Ақтөбедегі жұқпалы дерттер ауруханасында еңбек ететін дәрігер COVID-19 дерті өңірде алғаш тіркелген күннен бастап дамыл таппаған. Осы уақыт аралығында мыңдаған адамның жанына медеу болып, өлім аузынан алып қалды.
Майра Нұрғалиева, облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Өткен жазда болған жайттарды есіме алсам, көзіме жас келеді. Бейне бір сойқан соғыстың ортасында болғандаймыз. Оттегі баллондарын тасу, бір кереуеттен екіншісіне қапылу сияқты. Егер біз сол кезде жалғыз қалғанымызда шарасыз болар едік. Бірақ тұрғындарымыз дер кезінде көмекке келді. Оның ішінде волонтерлер де бар. Бұқара халықтың басы бірікті.
Пандемия жарияланып, қатерлі дерт елге енгелі ақтөбелік төрт мыңнан астам дәрігер мен медбике қауіпті аймақта еңбек етті. Тіпті медициналық оқу ордаларының соңғы курс студенттері де көмекке жұмылдырылды. Өңірде бірқатар маманның тапшы екендігі байқалды. Сондықтан жергілікті медицина университеті арнайы дәріс ұйымдастырып, дәрігер-эпидемиологтарды жедел даярлауға кірісті.
Салтанат Оразаева, М. Оспанов атындағы БҚМУ эпидемиология кафедрасының жетекшісі:
- 2020 жылдың «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын бітірген түлектеріміз қосымша екі апталық циклдан өтті. Аталмыш цикл COVID-19 эпидемиологиясын, диагностикасын және оны алдын алу шараларын қамтыды. Қазіргі таңда бәрі де жұмыс істеуде.
Оттегі аппаратының тапшылығы да науқастарды емдеуде біраз қолбайлау болған. Сондықтан өткен жылы Ақтөбедегі төрт медициналық орталыққа оттегі жеткізудің ортақ жүйесі қондырылып, тағы бір ауруханаға автоматты оттегі станциясы орнатылды. Жедел медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы кешен де сатып алынған.
Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Автобус базасындағы алты жылжымалы кешен жеткізілген болатын. Сонымен қатар камаз базасындағы екі жылжымалы кешен тартылды. Бұл шалғай аудандағы тұрғындарымызға медициналық көмектің қолжетімділігін жоғарылату мақсатында жасалынып отыр.
Ақтөбе облысында COVID-19 дертін жұқтырған алғашқы дерек өткен жылы Наурыз мерекесі күні тіркелді. Испания елінен жолаушылап келген жергілікті тұрғыннан анықталған. Шамамен бір жыл ішінде індетті 4 424 адам жұқтырды, 4 183-і дерттен айықты. Қазірдің өзінде 106 жан ауруханада емделуде. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларына енжар қарамауды өтінеді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Жалпы Ақтөбе облысында жұқпалы індетке шалдыққан науқастарды қабылдауға қазір 445 кереует әзір. Өткен жылдан сабақ алған жергілікті билік кез келген уақытта қосымша 3 600 орынды резервке сақтаған. Оның 400-ден астамы реанимациялық бөлімшелерге тиесілі. Дегенмен дәрігерлер: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолына бет бұрған абзал», – дейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков