Енді көліктердің ауаға зиянды қалдық тарату мөлшері өлшенеді
Мамырдың соңына дейін қалада қосымша тоғыз пост қойылады. Осы посттар күн сайын мегаполис көшелерінен жүріп өтетін 700 мыңға жуық көлікті тексереді. Яғни ауаға зиянды заттарды көп бөлетін ескі көліктер назарда болмақ. Осы 700 мың көліктің 200 мыңдайы қалаға сырттан кіреді екен. Бұл жағдай қаланың онсыз да нашар экологиясына әсер етпей қоймайды.
Шығыс айналма жолындағы экологиялық бекет толық жаңартылды. Модульдік нысанның іші мен сыртына бейнебақылау камералары орнатылды. Күн сайын экобекетте 50-ге жуық көлік тексеріледі. Ең алдымен, көліктен шығатын көк түтін құрамындағы көмірқышқыл оксиді қалыпты болуы қажет. Түтіндегі зиянды қалдық көлемі арнайы құрылғыда көрсетіліп, процентпен есептеледі.
Мақпал Назарбаева, оператор-эколог:
- Көмірқышқыл мөлшері 2.5-тен асса, экологияға зиян деген сөз.
Айдын Темешов, қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:
- Кедендік кеңеске кіретін мемлекеттердің аралығында бекітілген техникалық регламент бар. Автокөліктердегі пайдаланылған газдың шығуы сол регламенттерге сәйкес болу керек.
Экобекеттегі жұмыс істейтін инспектор көлік нөпірінен таңдағанын тоқтата береді. Жылы жаңа көліктен шығатын түтін құрамындағы көмірқышқыл оксиді 1% жетсе, талап бойынша қалаға кіруге рұқсат жоқ. Алайда тәртіп сақшылары бірінші жолы жүргізушіге тек ескерту жасайды. Егер екінші жолы тоқтатылған жағдайда ескертуді елемей, көлік қозғалтқышын талапқа келтірмесе, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Ержан Ұзабаев, қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:
- Кеше 47 көлік тоқтатылды. Соның ішінде бір посттан жетеуіне хаттама жазылды.
Мамандардың айтуынша, Алматыдағы көліктердің 60% экологиялық талапқа сай емес. Жалпы ескірген автомобильдердің саны бойынша Алматы қаласы республикада екінші орында тұр. Бірінші орында Алматы облысы. Сондықтан экологиялық талапты күшейту өте маңызды. Жасыл экономика басқармасы өкілдерінің айтуынша, жазға дейін қалада 19 экологиялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Осылайша, күн сайын қалаға кіретін 500 автокөлікті тексеру жоспарланған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев