Құтқарушылар қар құрсауынан 700-ден астам жолаушыны құтқарды
Құтқарушылар өткен тәуліктерде қар құрсауынан 700-ден астам жолаушыны құтқарды. Олардың 100-ден астамы – балалар. 425 техника да ақ ұлпа арасынан шығарылған.
Жалпы демалыс күндері Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарында күн борандатып, бірқатар республикалық жолдар жабылған еді.
Өткен демалыс күндері мұндағы құтқарушылар мен полицейлер ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан 70-тен астам автокөлікті қар құрсауынан алып шықты. Ал оларда 200-ден астам жолаушы болған. Оның 13-і – бала. Абырой болғанда барлығы дін аман.
Рүстем Жұмағалиев, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД басқарма басшысы:
- Бүгін де дабылды ескерту жарияланды. Кей жерлерде желдің екпіні секундына -20 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Оның үстіне көктайғақ. Осыған байланысты күндізгі сағат 12:00-ден бастап алты аудандағы облыстық маңызы бар жолдардың 10 учаскесінде қозғалыс шектелді. Жалпы мұндай ауа райы алдағы 2-3 күн сақталады деген болжам бар. Ал республикалық трассалар ашық.
Қарағанды облысында да күн райы құбылып тұр. Күндіз жауған жаңбырдың соңы қарға ұласып, жол көктайғақ болды. Оның үстіне қатты жел тұрып, ақтүтек бораннан 100-ден аса көлік далада қалған. Төтенше жағдай қызметі 263 адамды қар құрсауынан құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Синоптиктер: «Мұнда да ауа райы әзірге дұрыстала қоймайды», - дейді.
Үмбет Қаналин, Қарағанды облысы ТЖД басқарма басшысы:
- Құтқару жұмыстары Осакаровка, Нұра, Бұқар жырау аудандарында және Жезқазған аумағында жүргізілді. Қазір барлық бағыттағы жолдар ашық. Бүгінгі күнге барлық әлеуметтік желіде дауылды алдын ала ескерту жіберілді.
Ақмола облысында да майлы боран жолаушыларды әбден әбігерге салды. «Наурыз тойлаймыз», - деп жолға шыққандардың біразы кеше қар құрсауында қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, бір тәуліктің ішінде жолда қалған 257 адам жақын маңдағы жылыту бекеттеріне жеткізілген. Олардың 32-сі – бала. Құтқару жұмыстары бір мезетте 5-6 ауданда жүргізіліпті.
Ернар Ахметов, Ақмола облысы ТЖД басқармасының жедел кезекшісі:
- Қолайсыз күн райы біздің облыста әлі де сақталатынын айтқым келеді. Сондықтан жолға шығудан әзірге бас тарта тұрған дұрыс. Ал шұғыл сапар шегу керек болса, пойызбен жүрулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ «Дәрмен» қосымшасын пайдаланып, ауа райы мен жолдарға қатысты жедел ақпараттарды сол жерден алуға мүмкіндіктеріңіз бар.
Биыл қыс жылдағыдан ерекше болды. Қар қалың, боран да жиі соғады. Оның үстіне әлі кететін түрі жоқ. Көктем кешіккен соң ауылдағы ағайынның: «Осы қысқа жетеді ау», - деп жинаған отын-көмірі мен мал азығы да түгесіле бастаған.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Бораннан ауыл-аймақтардағы көлік қатынасы да қиындаған. Мәселен, мынау Зеренді мен Көктерек ауылының арасындағы жол. Мұнда арнайы техника қарды аршып үлгермей жатыр. Жаңа ғана ашылған жол боранның салдарынан қайтадан жабылып қалуда. Ал қардың көбесі болса, сөгілмеген.
Осындай қалың қарды көріп жүрген солтүстік жұрты көктемнің наурызда келетінінен үміттерін үзген. Ауа райы болжамы да соған саяды. Сондықтан қазір амалсыз «сәуір болмай, тәуір болмас» деп жүрген жайы бар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азат Аитов