Қазақстанда 1 сәуірден бастап электр энергиясы қымбаттайды
Көптеген дүниенің құны қымбаттап жатыр. Тіпті елімізде электр энергиясын өндіру тарифі өседі. Бұл туралы Энергетика министрлігінің өкілдері хабарлады.
Бұл тиісті бұйрық бірінші сәуірден бастап күшіне енеді. Электр станцияларының шекті тарифтері орта есеппен 15% артады.
Электр энергиясы – қоғамның әр саласына жан бітіріп тұрған өнім. Тіпті қазір сіз жаңалық қөріп отырған теледидардың өзі онсыз жұмыс істемейді. Сол қажеттілікті өтеу үшін Қазақстанда қазір 45 ұйым қуат өндіреді. Сол өндірушілер өз тарифін өсіруді былтырдан бері өтініп келеді.
Қайрат Рахимов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- 37 компания 2020 жылдың қыркүйек айында жарықтың шекті бағасын 36% өсіру туралы өтініш білдірді. Жарты жыл бойы оның қаншалықты негізді екендігіне талдау жасадық. Техникалары ескірген, жұмыcшыларының айлығы төмен. Басқа да мәселелер бар екені анықталды. Осыны ескеріп, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін 15% өсіру туралы бұйрық шықты.
Мамандардың айтуынша, жарық өндіруші және оны жеткізуші мекемелер бір-біріне тәуелсіз жұмыс істейді. Міне, тарифтегі өзгеріс негізінен осы компаниялар арасында болмақшы. Яғни қазіргі біз айтып отырған қымбатшылық қуат көзін тұтынатын қарапайым халыққа қатысты емес.
Бірақ тарифтің өсуі көпшілікке ортақ болмайды деп кесіп айтып, кепілдік беріп отырған да ешкім жоқ.
Айдос Дәрібаев, ҚР ЭМ департамент директоры:
- Ал түпкі тұтынушыға электр энергиясының тарифтерін белгілеу ұлттық экономика министрлігінің монополияларды реттеу комитетіне құзырлы екенін атап өту керек. Енді 1 сәуірден бастап шекті тарифтер бекітілгеннен кейін жаңағы комитет өз жұмысын бастайды. Осы түпкі тұтынушыларға электр энергиясының тарифін қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Яғни халық тұтынатын энергияның құнын басқа мекеме бекітеді. Жалпы Қазақстан қазір өзінің электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеп отыр деуге болады. Біз жарықтың 68% көмірден, 20% газдан, қалған бөлігін су, жел, күн сынды баламалы көздерден алады екенбіз.
Осы аталғандардың ішінде басты орынға ие – көмір мен газ бағасы былтыр біршама көтерілген. Міне, электр энергиясының тарифін өсіруге осы үдеріс те әсер етіп отырған көрінеді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы