«Қызыл аймақтағы» өңірлерде вакциналау жалғасып жатыр
Вакцина салу басталғалы өңірдегі 11 900-дей адамның иммунитеті жасанды жолмен күшейтілген. Олардың сегіз жарым мыңнан астамы – медицина саласының мамандары. Қалғандары – мұғалімдер, студенттер, мемлекеттік мекеме мен күштік құрылымдардың қызметкерлері. Ал дәрінің екінші компоненті бес мыңға жуық тұрғынға салынды.
Ақтөбе облысында ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцина 6 мың 359 адамға салынды. Олардың 1 мың 276-сы ресейлік дәрі-дәрмектің қос компонентін де алып үлгерген. Яғни бүгінге дейін 5 мың 83 адамға вакцинаның бірінші құрамдас бөлігі егілді.
Атырау облысына тағы да 3600 доза вакцина әкелінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 1 ақпаннан бері «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 3 600 адам салдырыпты. Ал екінші компоненті 1 255 адамға егілді. Осылайша, шілде айына дейін 60 мыңға тарта атыраулық екпе алатын болады.
Ал Батыс Қазақстан облысында жыл басталғалы бері 6 мыңға жуық адам қатерлі індетке шалдыққан. Өткен тәулікте аурудың өсімі 7,5% ұлғайған. Вакциналау науқанының алғашқы кезеңінде өңірге 1 мың доза, ал екінші кезеңде 5 мың 500 доза жеткізілді. Күні бүгінге дейін 5 мың 174 адамға вакцина салынған. Олардың басым көпшілігі – медицина қызметкерлері. Ауруға қарсы егілген адамдардың әзірге 1 мың 25-і ғана екінші компонентті алған.