Шаруалар шағымы: мал көп, жайылым жоқ
Айнала түгел егін. Кейбір жерлер үй іргесіне дейін жыртылған көрінеді. Жалпы осы округке қарасты алты ауылда бас-аяғы 2 мыңнан астам адам тұратын болса, олардың дені мал шаруашылығымен айналысады.
Бұл – Атамекен ауылдық аймағына қарасты Жаңажол ауылы. Тұрғындардың сөзінше, үй сыртындағы егістік алқаптарын тек бұл жерден ғана емес, осы маңдағы әр ауылдан көруге болады. Ал ондағы әрбір отбасы ең кемінде 5-6 мал ұстайды. Кейбірінде тіпті 50-60 басқа дейін ірі қара бар. «Жайылым болмаған соң, қазір оларға жем-шөп тауып берудің өзі өте қиын», - дейді ауылдықтар.
Ережеп Кәкімұлы, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Мал көп. Бір ауылда 400 тұяқ жылқы, 600-дей сиыр, 3 мыңға жуық қой бар. Енді біз несие алып, мал бағу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қазір сол мал азығын тауып берудің өзі бізге мұң болып отыр.
Бұл жағдай әбден жанына батқан соң, тұрғындар көмек сұрап біраз мекеменің табалдырығын да тоздырған. Алайда олардан еш қайыр болмапты. Еститіндері осы маңайдағы 14 мың гектар жердің барлығы дерлік бос емес.
Әріп Сақабай, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Аудан әкіміне кірдім. Жайылым да сұрадым, егіндік жер де сұрадым. Жер комитетіне барам, жер комитеті: «Ауылдың әкіміне бар», - дейді.
Жалпы жайылым жоқтығынан зардап шегіп отырған тұрғындардың барлығы – қандастарымыз. Себебі ауылдың бұрынғы тұрғылықты халқы шаруа қожалықтарынан өз үлесін, яғни пай алып, азын-аулақ малын сонымен бағып отыр. Ал көшіп келгендерге ондай көмек қарастырылмаған. Атамекенге келіп, ата кәсіппен алаңсыз айналысамыз ба деген еңбекқор азаматтар осындай қиындыққа тап болғандарын ашына айтады.
Нұрдәулет Әбдеш, Қаражар ауылының тұрғыны:
- Өзіміздің мемлекетіміз деп келгенде бізге бір жер бермесе, жан бағуға орай бермесе, қалай тіршілік қыламыз? Малды шығара алмаймыз. Бұзаулар шықса, бұзауларды ұстап алып, айыппұл салады.
Мәселенің мән-жайын білмекке ауылдық әкімдікке бас сұқтық. Алайда жақында ғана тағайындалған әкім орнында болмаған соң, аудан орталығына бет алдық. Бірақ мұнда да бұл сұрақтың нақты жауабын беретін білікті маман табыла қоймады. Ақырында іссапарда жүрген аудан әкімінің орынбасары телефон арқылы түсіндіргендей болды. Айтуынша, ол маңайдағы жерлердің көбі 90-жылдары жергілікті шаруа қожалықтарына 49 жылға жалға берілген.
Бегахмет Махметов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта малдың саны көбейіп, ауыл аймағындағы жайылым жер азайып қалды. Бұл мәселені шешуге өз уақытында тұқым себілмейтін, уақытында игерілмейтін шаруашылықтардан жерді алып, ауыл тұрғындарына береміз.
«Алайда бұл істі жеделдетуге шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге қойылған мароторий қолбайлау болып отыр», - дейді жергілікті билік өкілдері. Шектеу шілде айында шегіне жетеді. Айтуларынша, әкімдік заңнан асып әрекет кете алмайды.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Ал мыңдаған малын қайда бағарын білмей бас қатырып отырған жүздеген отбасы: «Шаруашылықтардың кәсібі қарапайым халықтың күнкөрісінен жоғары болғаны ма?» - деп налиды. «Ендігі көмекті тек ел билігінен күтеміз», - дейді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко