Хабар телеарнасы

Отандық QazVac вакцинасының 50 мың дозасы дайын тұр

Ғылыми мекеме Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан. Қазіргі таңда қазақстандық вакцинаның 50 мың дозасы дайын тұр. Препарат 25 сәуірге дейін еліміздегі барлық «СК-Фармация» қоймаларына жеткізіледі. Айтпақшы, QazCovid-in вакцинасы қазір «QazVac» деп аталады. «Отандық вакцинаның тиімділігі ресейлік «Спутник V» препаратынан еш кем емес», –дейді мамандар.

QazCovid-in вакцинасы өткен жылдың наурыз айынан әзірлене бастады. Алдымен жануарларға клиникаға дейінгі зерттеулер жасалды. Содан соң волонтерлерге клиникалық сынамалар жүргізілді. Сынақ жақсы аяқталып, отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының оң бағасын алды. Бүгінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша 50 мың дозасы дайын тұр.

Күнсұлу Закарья, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ бас директоры:   

- 25 сәуірде елу мың доза «СК-Фармация» қоймаларына тапсырылады. Одан кейін келесі айларда көлемін көбейтіп, 500 мың дозаға шығаруды жоспарлаудамыз. Жалпы көлемі – 2 миллион доза.

Алғашқы 50 мың доза 25 мың адамға егіледі. Яғни бірінші қабылдаудан кейін арада 21 күн өткен соң екінші дозасы салынады. QazVac вакцинасы инактивтелген, яғни өлтірілген вакцина. Бір қорапта 10 құтыдан болады. «Спутник V» секілді арнайы тоңазытқышта емес, отандық вакцинаны кез келген үйдегі тоңазытқыштарда сақтай беруге болады. Жамбыл облысындағы ғылыми-зерттеу институты бұған дейін 60 түрлі атаулы вакцина мен балама жасауға арналған тест-жүйелерді даярлау технологияларын әзірлеген.

Күнсұлу Закарья, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ бас директоры:   

- Бүгінгі таңда бізде өкінішке орай вирусология мамандарын дайындайтын оқу орындары жоқ. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігінің тарапынан вирусология мамандарын дайындау жұмыстары жүргізіліп отыр. Келесі жылдан бастап вирусология мамандығы бойынша магистратура және докторантура ашылайын деп отыр. Мұнымен қоса, біздің институтта сол мамандарды дайындайтын диссертациялық кеңес ашылады.

Еліміздегі беделді институт 1962 жылы құрылған. Қазіргі таңда институтта 214 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Мұнда 13 ғылыми зертхана бар. Алайда жас мамандар жетіспейтін көрінеді. Өйткені жұмыс ауыр әрі қауіпті. «Вирусологияға ғылымға шын берілген адамдар ғана келеді», – дейді инситут өкілдері.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Біз қазір технологияларды және биопрепараттарды бақылау зертханасындамыз. Мұнда егеуқұйрықтар, мұнда күзендер, теңіз шошқалары, яғни осы лабораториялық жануарлар арқылы отандық вакцинаның, қазақ вакцинасының мамандар сапасын тексеріп білуде. Осыдан 10 ай бұрын бұл лабораториялық жануарлар вакцина алған. Енді аз уақыттан кейін осы вакцинаның иммундық нәтижесі белгілі болады. Байқап қарасаңыздар, зертханада арнайы қорғаныс киімімен жүрміз. Жүргенімізге жарты сағат болды. Тыныс алу тым қиын. Қара терге түстік. Ал мұнда мамандар күні бойы осы киіммен жұмыс істейді. Ендеше бұл кісілердің жұмысы қаншалықты ауыр екені айтпасақ та түсінікті шығар.

QazVac отандық вакцинасының 50 мың дозасы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының базасында жасалған. Жалпы аталған институт СҚ-Фармациямен қазақстандық вакцинаның 2 миллион дозасын жеткізіп беру жөнінде келісімшарт жасаған. Институт ғылымдары қазір QazVac-тан басқа коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы 4 түрін дайындап жатыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов