Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысы қашан аяқталады?
Бірақ олар былтыр да дәл осылай уәде беріп, орындалмай қалған еді. Соның салдарынан жүргізушілер әлі күнге дейін айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
Ұзындығы 363 шақырым Қарағанды-Балқаш тасжолының құрылысы 2019 жылы басталған. Содан бері жұрт айналма жолдың азабын тартып келеді.
«Бұрын 4 сағатта түсетін бұл екі араға қазір жарты тәулік жоғалтамыз», - дейді жүк көлігінің жүргізушілері.
Жол құрылысы 5 учаскеге бөлінген. Бас мердігерлер – Түрік және Қытай компаниялары. Жоба құны – 248 миллиард теңге. Қазір құрылыс басында 3 мың адам еңбек етіп жатыр. Алайда өткен жылы карантиндік шектеулерге байланысты жұмыс қарқыны анағұрлым саябырлаған. Айтуларынша, жан-жақтағы мамандар мен техниканы жеткізу оңайға соқпапты.
Нұралы Тойымбетов, мердігер:
- Бұл – маусымдық жұмыс. Орталық Қазақстанда ауа райы құбылмалы болғандықтан, жол құрылысы тек сәуірден қазанға дейін ғана жүргізіледі. Ал былтыр жұмыстың нағыз қызатын шағы маусым мен шілдеде карантин болды. Соның салдарынан өткен жылы құрылыс біршама тежелді.
Жауапты мекеме басшылары жол құрылысын 2023 жылы толық аяқтаймыз деп отыр. Қазір ауқымды жұмыстың 30% орындалған. Ал көлік қозғалысын ретке келтіру үшін жыл соңына дейін 4 жолақты автобанның екеуін ашпақ.
Сырым Хамзин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Айналма жолдардың арқасында 260 су өткізу құбыры мен 5 көпір салынды. Қазіргі таңда 11 уақытша жол бар. Енді жылдың соңына дейін осы уақытша жолдардың барлығын жойып, асфальто-бетонның төменгі қабаты бойынша қозғалыс ашамыз ба деген жоспарымыз бар.
Қазір жол бойында асфальт шығаратын 9 шағын зауыт жұмыс істеп тұр, 8 құрылыс базасы бар. Оның әрқайсында зертхана ашылған, материалдың сапасы жіті тексеріледі.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Мамандардың айтуынша, автобанға екі қабат асфальт төселеді. Қалыңдығы шамамен 15 см болады. Ал оның сапасын 5 бірдей мекеме қадағаламақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев