Бейбіт күннің батырлары жанымызда жүр
Оны іспен де дәлелдеп жүрген полицейлер жетерлік. Мәселен, Атырауда инспекторлар суға батып кеткен балаларды құтқарып қалды. Ал Батыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары жолда қалып қойған жүкті әйелді көлікте босандырып алған.
2020 жылдың қаңтарында Жайық өзенінің үстімен бір топ бала өтіп бара жатқан кезде мұз ойылып, жасөспірімдер суға түсіп кетті. Төрт баланың біреуі өзі талпынып, жағаға шыққан. Сөйтіп, «102» номеріне қоңырау шалыпты. Аумақтық полиция инспекторлары Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балғынбаев қалың тұманға қарамастан, балаларды лезде тауып, құтқарып қалған.
Қуандық Сүйіндіков, учаскелік инспектор:
- Балалардың айқайлаған дауысына қарай бағыт алдық. Мен алдыңғы шепте, әріптесім Тирум артқы шепте келе жатты. Сол жерде Жайық жағалауының арғы бетіне қарай жақындай берген уақытта мұз ойылып, суда қалқып тұрған екі жасөспірімді көрдік.
Су бетінде қалқып тұрған балалардың өмірі қыл үстінде еді. Әйткенмен полиция қызметкерлерінің оңтайлы шешімі мен жедел әрекетінің нәтижесінде екі бала құтқарылды. Қазір жасөспірімдердің денсаулығы жақсы. Атырау облысы бойынша биылдың өзінде тәртіп сақшылары 12 адамды ажалдан арашалап қалды.
Ал Маңғыстаудағы «Нұрлы жол» шекара катерінің сақшылары былтыр желтоқсанда 4 әзірбайжан азаматы отырған байданы қолға түсірді. Қарулы қаскөйлерді ұстаған экипаж командирі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Василий Қалимуллин, «Нұрлы жол» шекара катерінің командирі:
- Радиолокациялық станциямызда нүкте шықты. Сол нүктеге барғанымызда, алдымыздан шекара бұзушылар шықты. Тексеріс жасағанда Ф-1 соғыс гранатасы табылды. Ол жарылып кеткенде жеке құрамға қауіп келтіретін еді.
Василий Қалимуллиннің ұлты – татар. Мемлекеттік тілді қызмет бабында жүріп үйренгенін айтады. 17 жыл бұрын 7 мамыр мерекесіне арналған шеруге әзірлік кезінде әскери қызметтегі бойжеткен Гүлшатпен танысқан. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтереді. 7 жасар ұлдары бар. Эмиль ер жеткен соң әке жолын қуып, шекарашы болғысы келеді.
Эмиль Қалимуллин, Василий Қалимуллиннің ұлы:
- Отаным Қазақстанды қорғаушылардың сапында тұруды армандаймын. Әскери форма кию үлкен жауапкершілік екенін әкем үнемі айтып отырады.
Ал Батыс Қазақстан облысында полицейлер алыс жолда қалып қойған жүкті әйелді қызметтік көлікте босандырып алған. Оқиға биыл қытымыр қыста Самара-Шымкент тас жолында болды. Дәл сол күні ақтүтек боран соғып, үскірік аяз түскен. Жол тәртібін қадағалап жүрген Ерніс пен Тимур трасса бойында тұрған жеңіл көлікті байқаған. Полицейлерді көрген жүргізуші жүкті әйелін ауруханаға алып келе жатқанын, алайда жолда тұрып қалғанын айтыпты. Тәртіп сақшылары бірден келіншекті қызметтік көлігіне мінгізіп, қалаға қарай жүйткіген. Алайда...
Ерніс Бақтыгереев, БҚО ПД аға лейтенанты:
- Қалаға келе жатқанымызда артымызда отырған келіншектің толғағы басталып, көліктің ішінде босандырып алдық. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Жедел жәрдем алдымыздан Подстепное елді мекенінен күтіп алды.
Бүгінде ана мен баланың денсаулығы жақсы. Отбасы мүшелері қос полицейге алғысын жаудырды. Сюжетте баяндаған кейіпкерлеріміздің қай-қайсысы да – қызметіне адал екенін дәлелдеген жандар. Әскерилердің ерлігі құрметке лайық, әйтсе де олар сый-сыяпат сұраған емес. Ел үшін еңбек етуді бәрінен биік қояды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов