Отбасы құндылығы: бақытты отбасының басты кілті мен құпиясы неде?
Бұл – бақыт, махаббат және адалдық мерекесі. Атаулы күн 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен бекітілген.
Имантай ата мен Майра апаның отасқанына биыл 56 жыл. Олар 22 жасында танысқан. Содан бері өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып келеді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген қариялар 3 бала, 8 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр.
Имантай Әлпейісов, отағасы:
- Екі жас бір-бірімен кездескеннен кейін бір-бірін ұнатып, таныса, білісе келе, бір үйдің адамдары сияқты болып кетеді. Бірін-бірі түсінеді. Біз, міне, 56 жылдың ішінде әлгі айтады ғой, жылдар өте келе екі адамның мінездері де ұқсас болып кетеді деп.
Алайда қария айтқан түсіністік пен ұқсастықтың үнемі ойдағыдай бола бермейтіні өкінішті.
Мәселен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылы 72 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерсе, соның 4565-і ажырасқан. 2020 жылы 81 мыңнан астам жұп отау құрса, 10 мыңға жуығының дәм-тұзы жараспаған. Ал биылғы жарты жылда 43 мыңнан астам жас бас құрап, 2078-і ажырасуға бекінген.
Мақсұтбек Айтмағамбет, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Үш отбасы құрылатын болса, бір отбасы ажырасып жатыр. Олардың ішінде көбісі енді жастар. Қыз балалар болсын, ер балалар болсын дайындықсыз отбасын құрады. Әрбір жас үйленердің алдында міндетті түрде мына аз да болса «жанұя болу, үй болу» деген сияқты бір курстан өткені дұрыс сияқты. Неге? Өйткені баяғыда бұның барлығын әке-шешеміз айтатын еді. Оны біз үлгі ретінде көретін едік. Өкінішке орай сол үзіліп қалды. Сондықтан жастардың өздері үйренуі керек немесе сондай бір бағдарламалар, орталықтар болу керек.
Ондай орталықтар бар. Мәселен, Мақсұтбек Айтмағамбет өзі төрағалық ететін «Әкелер одағы». Алғашында орталық балалар үшін ашылғанымен, кейін әкелерге көмек көрсете бастаған. Өкініштісі, тек бұл бірлестікке жүгінген әрбір бес әкенің үшеуі ажырасқан. Жақында орталық жас әкелерге арналған «Саналы әке» бағдарламасын әзірледі. Енді бірлестік өкілдері әке болудың маңыздылығы мен отбасы құндылығын дәріптейді.
Авторлары: Дана Алиева, Айбын Құсанбеков, Азамат Саметов