Елордада алып кранды тізгіндейтін маман тапшы
Бірақ мектеп түлектерінің көпшілігі өңірде тапшы мамандықтарды таңдаса игі. Бірнеше айдан кейін республика бойынша үш жүз мыңға жуық оқушы студенттік өмірге аяқ басады.
Талапкерлердің мамандық таңдауына үкімет те үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жуырда EduNavigator.kz атты арнайы сайт әзірленген. Гизат Маханов – сол жобаның менеджері. Осы порталдан сұранысқа ие мамандық тізімін көруге болады.
Ғизат Маханов, жоба менеджері:
- Біз оқушының көзқарасын ұлғайтамыз. 250 мамандықты біз басына қоя салмай, сұрыптап, 20-30 мамандықты ұсынамыз. Сосын оқушы талдау жасайды. Қазақстанда қанша жалақы алатынын, қай облыстарда жұмыс бар екенін көре алады.
«Мамандықты таңдап алғаннан кейін қайда оқу керек?» деген заңды сауал туындайды. Жобаны әзірлеушілер мұны да ойластырып жатыр екен. Көп ұзамай, сайтқа жоғары ждәне орта оқу орындарының тізімін салмақшы. Заман ағымы мен нарық сұранысына сай мамандық та түрленіп отырады. Мысалы, елордада алып кран тізгіндейтін маманның қаны жерге тамбай тұр. Сондықтан кәсіптік техникалық колледж машинист дайындайтын топ ашқан.
Омарбек Тілеубаев, колледж директорының орынбасары:
- Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде 9 сыныптан бастап осы мамандыққа оқушыларды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Оған біздің материалдық техникалық базамыз толық дайын. Біз мемлекеттік тапсырыспен бірінші жылы 25 орын сұрап отырмыз.
Мамандық таңдау талапкер үшін маңызды қадам. Қазір Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшікті қоса санағанда 129 жоғары оқу орны бар. Оған тағы 700-ден астам коллежді қосыңыз. Міне, осы білім ордалары алты мыңнан астам маман түрін даярлайды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Сұрасаң, зерттесең Қазақстан нарығында да мамандықтың түрі көп. Талапкер сен соның қайсысының тізгінін ұстайсың. Тізгін демекші, бүгінде ерекше сұраныса ие болып тұрған мамандықтың бірі – электроавтокөлік жөндеушісі. Елорда колледждері қазірдің өзінде осы мамандық бойынша студенттерді дайындауға кіріскен.
Бұл тоқпен жүретін өте қымбат автокөліктің түпнұсқасы. Студенттер осы көліктің әр тетігін қолымен ұстап, әр бөлшегін зерделейді. Негізінен колледждер мен универститеттерде жыл сайын мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып келеді.
Жанна Есенбаева, ҚР БҒМ басқарма басшысы:
- Келер оқу жылына білім гранттарының саны 51561-ді құрайды. Бұл – бакалавр деңгейі. Бакалавр деңгейінде бізде басымдық инжинерлік мамандықтарға беріледі. Шамамен мемлекеттік білім беру тапсырысының 30% техникалық мамандықтарға беріледі. Ақпараттақ технологияларға бөлінеді және де басымдық педагогикалық мамандықтарға бөлініп отыр.
Биыл магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінген. Ал докторантураға екі мыңға жуық мемлекеттік грант беріліп отыр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев