Кенезесі кепкен жұрт: Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылында су тапшы
Маржан Отарбаева – су тапшылығын тартып отырған тұрғындардың бірі. Отбасындағы көп жанға тамақ істеп, киім-кешегін жуу үшін оны мейлінше үнемдеуге көшкен. Тіпті балабақшаға баратын және демалысқа келген немерелері де тіршілік нәрін тиімді тұтынуды үйрене бастапты. Ал түн мезгілінде ағысы қатты ауызсуды бос ыдыстарға құйып алуды әдет қылған.
Маржан Отарбаева, Бестамақ ауылының тұрғыны:
- Өзім көпқабатты үйде тұрсам да, жолдасым мен балама жалынып, даладан дәретхана қаздырып алдым, айналамдағы көршілерге де айттым. Үйде су жоқ болғандықтан осындай әрекетке барып отырмыз. Енді не істейміз? Немерелерімді арасында нағашы әжелеріне жіберемін. Себебі су жоқ.
Бестамақтағы санаулы екі қабатты үйлердің тұрғындары ғана емес, тұтастай ауыл су мәселесін сезініп отыр. Олар әсіресе жаз кезінде үздіксіз су тұтыну соңғы жылдары арманға айналғанын айтады. Ортақ мәселелерін тиісті мекемелерге талай жеткізген. Бірақ әзір түпкілікті шешілген емес. Сондықтан ауылдың әр бөлігіне кезекпен берілетін кестеге бейімделуден басқа амал жоқ.
Күләш Көшекбаева, Бестамақ ауылының тұрғыны:
- Ақырын аққанның кесірінен әрине, қиналамыз. Бізге су керек. Үлкен ауыл болғандықтан су әрдайым ағып тұру керек қой. Су болмаса, біз ештеңе де істей алмаймыз ғой. Нағыз тамақ істейтін уақытымыз, бала-шағамызды жуындыратын уақытта су болмай қалады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Ауылдың сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары соңғы рет осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Ол кезде қажеттілік болмаған соң, жобада көше бойына колонка орнату қарастырылмапты. Дегенмен қазіргі су тапшылығы мәселесіне орай елді мекенге үшеуі қойылған. Онда да күндізгі уақытта су ақпай тұр.
Жергілікті әкімдік пен сумен жабдықтаушы мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе тұрғындар санының көбеюінен туындап отыр. Себебі ауылға алғаш рет су жеткізілгенде жобада 3300-ден астам адамды қамту көзделген. Ал қазіргі көрсеткіш бір жарым есеге артық. Сәйкесінше тұтыну мөлшері де едәуір ұлғайған және қанша ескерту жасалса да, ауладағы бау-бақшаға ауызсу қолдану тыйылмай отыр.
Нұрлан Дәулетов, «Алға жылу» КМК директоры:
- Жоба аясында жасалған үш ұңғымамыз бар. Сол үш ұңғыма тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс жасауда. Дегенмен де су тапшылығы бар. Сол себептен әкімшіліктен келісім алып, осы тұрғындарға кестемен берудеміз.
Ауылдағы ауызсу тапшылығын жою үшін қазір іргедегі Елек өзенінен құбыр тартылуда. Оның суы бау-бақша және жасыл желек қорына бағытталмақ. Жалпы құны 10 млн.теңгеден асатын бұл жоба жұмысы бір ай көлемінде аяқталмақшы.
Авторлары: Әнуабек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев