Пандемия отандық туризмге қалай әсер етті?
Қазір курорттық аймақтардағы демалыс орындарының дені қаңырап, бос тұр. Мысалы, былтыр Алакөлдің шығыс жақ жағалауына ағылатын турист легі үш есеге қысқарыпты. Инфрақұрылымның нашарлығы да бар. Осыдан үш жыл бұрын салына басталған жолдың әлі бітетін түрі жоқ.
Соның салдарынан Семей, Өскемен, Алматы арасына қатынау қияметке айналған. Ал көктем шыға Өскемен мен Үржардың әуежайы жөндеуге жабылды. Ендеше шығыстың демалыс орындары тығырықтан қалай шықпақ? Турист тартудың жолы бар ма?
Бұқтырма су қоймасының жағасындағы демалыс нысандарына бұрын мымырдан бастап туристер келе бастайтын. Былтырдан бері құлаққа ұрған танадай. Дегенмен туристік нысан иелері біртіндеп демалыс маусымына дайындалып жатыр. 20 жылдан астам осы салада кәсіптен нәсіп тауып келе жатқан Рустам Адамовтың айтуынша, қазір туризм тұралап тұр.
Рустам Адамов, кәсіпкер:
- Қазір бизенестің бұл түрі өте ауыр. Пандемия әбден әлсіретіп тастады. Сондықтан осы саланы қысқа және ұзақмерзімді дамытудың бағдарламасын жасау керек. Сосын тағы бір маңызды мәселе – тау арасындағы демалыс нысандарына баратын жолдың сапасы мүлде сын көтермеуі.
Жол сапасы сын көтермейтінін халық жақсы біледі. Бірақ оған қарамастан өскемендіктер жаз шыға Бұқтырманың жағасына ағылады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Шығыста туристік кезең негізінен маусымның 25-нен тамыздың соңына дейін жалғасады. Дәл осы уақытта су жылып, құм қызады. Дегенмен былтырдан бері өңірге келетін туристердің саны күрт азайған. Дәл қазір біз тұрған «Көгілдір бұғаздың» жағасында өткен жылы 37 мың адам ғана келіп, демалысын өткізген. Кәсіпкерлердің айтуынша, оның негізгі екі себебі бар. Біріншіден, пандемия әсер етсе, екіншіден, инфроқұрылымның нашарлығы.
Шығыста негізгі үш туристік бағыт бар. Қотанқарай, Бұқтырма және Алакөл. 2019 жыл Алакөлдің шығыс жағына 140 мың турист келсе, 2020 жыл бұл көрсеткіш үш есе азайып, 40 мыңға бірақ түскен. Бұқтырма жағасына 2019 жылы 66 мың, ал 2020 жылы 45 мың адам ғана келген. Өз еліміздің азаматтары жазғы демалысын Алакөлде өткізеді. Бұқтырмаға Ресей, Қотанқарағайға Еуропа мен Шығыс Азия елдірінің туристері келеді.
Соңғы үш жылда автокөлікпен Алакөлге жету азапқа айналды. Өскемен мен Семейден Алматы бағытындағы жол жаңаланып жатыр. Бірақ бүгінге дейін 60% ғана салынды. Кейбір бөліктерінің әлі шаңы шығып жатыр.
Нұржан Жұмәділов, Облыстық автокөлік және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы:
- Жалпы айтып өткендей, ең сұрақ туындайтыны осы – Аягөз бен Таскескен, Аягөз-Қалбатау аралығындағы учаскелер. Барлығы – 93 шақырым жол, айналма. Қалғаны асфальт жабындысымен жүреді.
Осы көктемнен бастап Өскемен мен Үржардың әуежайы да жөнделіп жатыр. Өскеменнен бұрын Жалаңашкөл бағытындағы пойызда 5 вагон ғана болса, биыл тағы екі вагон қосылды. Автобустың саны да артты. Ал туристерге қойылатын санитарлық талаптар да арнайы қаулымен бектілді.
Марат Қабақов, Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:
- Тек қана ПТР емес. Сонымен қоса «ашық» мобильді қосымша арқылы кіруге болады. Немесе вакцина болса, сол сертификат арқылы ПТР талап етілмейді. Қосымша айта кететін жайт, жаңағы талаптар шет елден келгендерге де таралады.
Шетелдіктерден Ashyq мобильдік қосымшасы сұралмайды. Тек вакцина мен ПТР тесттің қорытындысына сәйкес қабылданады. Ал өңірдің өзі инфекциялық жағдай бойынша жасыл аймақта тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин