Елордада «Қауіпсіздік – балалар көзімен шарасы» атты акция ұйымдастырылды
«Қауіпсіздік –балалардың көзімен» деп аталатын бұл акцияға қаланың кішкентай тұрғындары мен SOS балалар қалашығының бүлдіршіндері қатысты.
«Баланы жалғыз қалдырмау» – бұл әр ата-ананың қаперінде жүретін негізгі қағидат. Алайда үнемі бас-көз болып, қауіптің барлығынан оқшаулау мүмкін бола бермейді. Осы ретте олардың өздеріне қауіпсіздік шараларын үйреткен жөн. Балаларды қорғау күні қарсаңында елордалық Төтенше жағдайлар департаменті осы істі қолға алды. «Қауіпсіздік – балалардың көзімен» атты акция барысында құтқарушылар балаларға сақтық шараларын үйретіп, оқыс жағдайда өзін қалай ұстау керектігін көрсетті.
Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Бұл іс-шара барысында департаментіміздің күштері мен құралдарының жұмысымен таныс болады. Сонымен қатар «кинологиялық есептер» дейміз, арнайы іздестіру операцияларымен таныстыратын иттеріміз бар. Сонымен қатар спорттық конкурстар, викториналар өткізу қарастырылған.
Иә, құр сөзбен айтқаннан гөрі іс жүзінде көрсету әлдеқайда ұтымды. «Баланың көңілі далада» демекші, ашық аспан астында құтқару операцияларын өткізген балдырғандар өздерін бір сәтке болсын құтқарушы сезінгеніне дән риза.
Дана Әлиева, тілші:
- Әрине, бұл мереке иттердің де қатысуынсыз өткен жоқ. Тек соңғы жылы осы иттердің арқасында елордада ондаған адамның өмірін аман сақтап қалу мүмкін болды.
Балалар олармен қуана-қуана суретке түсіп, сипап, ойнап, уақыттарын барынша қызықты өткізді. Ал бастысы қауіпсіздік шараларын санаға түйді деп үміттенеміз.
Авторлары: Дана Алиева, Қанат Абильдин