Мониторингтік топ қоғамдық орындарда түнгі рейд жүргізді
Жыл басынан бері заңға бағынбаған кәсіпкерлер 20 млн теңге айыппұл төлепті. Десе де сыннан сабақ алғандар аз.
Бұл мейрамхана әкімшілігі тексеруші қонақтарға аса разы болған жоқ. «Камерамен кіріп кеп, басты меймандарды қорқыттыңдар», - дейді. Бірақ карантин талаптарын бұзбаса, оларға зиян келмесі анық. Оның үстіне Есіл аудандық әкімдігі мен жергілікті полиция басқармасы мұндай рейдті күнде жүргізетінін айтқан.
Ashyq жобасына кірген мейрамханаларға түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Біз рейдті түн ортасында бастадық. Бірақ мұндағы мақсат құқықбұзушыларды анықтап, жазалау емес, санитарлық талапты сақтау жайын тағы бір ескерту болатын. Маска, әлеуметтік арақашықтықты естен шығарған бұл елордалықтар түнгі сауықты артық көріп тұрғаны анық. Бірақ жауапкершілік мейрамхана иелерінде.
Ерлан Тойымбаев, Есіл аудандық полиция басқармасы бөлім бастығының м.а.:
- Құқықбұзушылық көбіне кәсіпкерлер тарапынан анықталып жатады. Жылдың басынан бері біздің ауданымызда 185 құқықбұзушылық тіркеліп, санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасына жолданып, оның 63-і жауапкершілікке тартылды.
Айыппұл көлемі 20 млн теңгеден асты. Ал ескертуді елемегендердің ісі сотқа жіберіледі.
Нұрсұлу Жапекова, мейрамхана әкімшісі:
- Адамдарды Ashyq қосымшасымен кіргіземіз. Сағат 02:00-ге 10 минут қалғанда музыка өшеді. 02:00-де адамдар мейрамханадан шығады. Демалыс күндері де солай. 12-ден аса жиналады. Сағат 02:00-де шығарып саламыз.
Коронавируспен күрес – баршаға ортақ міндет. Бірақ сауық-сайран мен тіршілік қамы желіктірген кәсіпкер мен тұтынушыны бұл тоқтатар ма?
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев