Қостанай облысында республикалық маңызы бар 300 км жол қалпына келтіріледі
Жоба құны – 18 миллирд тенге. Барлық жұмыс ауқымы екі жылға есептелген және жол құрылысының сапасы ерекше бақылауда болады.
Жол құрылысында астыңғы топырақ жабындысының тығыздығы аса маңызды. Сондықтан тапсырыс беруші, одан қалды техникалық бақылаушы бұл талаптың орындалуын ерекше назарда ұстайды. Рудный қаласына дейінгі республикалық маңыздағы бұл жол бөлігін жаңғырту жұмыстарын қараша айына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Арман Әмрин, жобаның бас инженері:
- Рудный бағытындағы бұл республикалық маңызды жол екінші категориядан бірінші категорияға ауысады. Яғни бұл жол төртжолақты болады. Сосын жоба бойынша жаңа жаяу жүргіншілер және веложолдар салынады және жолдың бойында электр шамдары орнатылады.
Биыл жөнделетін жолдардың көлемі ауқымды. Тек қана республикалық маңыздағы тасжолдың сегіз бөлігін қамту жоспарланып отыр. Оның жалпы ұзындығы 300 шақырымға жуық және Қостанай, Сарыкөл, Денисов, Бейімбет Майлин аудандарында жол құрылысы бір мезетте қолға алынады. Тағы бір маңызды жоба Арқалықта жүзеге аспақ.
Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» ҰК» ҚОФ директоры:
- Арқалық маңында көпір салынып жатыр. Өзен арнасы тар болғанымен, сол тұста көлік қозғалысы қиындығын тудыратын. Әсіресе көктемде су тасығанда, қыста қар басқанда қатынас үзіледі. Биыл осы жобаны да толық аяқтаймыз.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл – Алматы-Екатеринбург бағытындағы тасжол. Қостанай облысы арқылы өтетін бөлігі 400 шақырымға жуық. Жақын арада осы аралық жүк көліктері үшін ақылы болмақ. Сондықтан бұл күре жолды талапқа сай қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып отыр. Биыл Ақмола облысынан Ресей шекарасына дейінгі аралықтың екі бөлігі, яғни 26 шақырымы жөнделмек.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, Сергей Трахтенберг