Алматыда 700-ден аса қызмет түрін қамтитын Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды
Қайта жөндеуден өткен ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік қызметтер үйінде 11 мемлекеттік мекеме топтастырылған. Атап айтқанда, Әл-ауқат және тұрғын үй саясаты басқармалары, Жұмыспен қамту мен Зейнетақы төлеу орталықтары, Көші-қон қызметінің өкілдері өз салалары бойынша тұрғындарды қабылдайды. Яғни алматылықтар бұрынғыдай әр жерде орналасқан мекемелерге барып табан тоздырмай, бірнеше қызметті бір жерден ала алады.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Барлық қызметтер орталықтандырылған, қала тұрғындарына қолжетімді әлеуметтік қызметтер үйін ашуды жөн деп таптық. Бүгінде бұл жерде қаламызда жұмыс істейтін түрлі мемекемелер 700-ден аса қызмет түрін көрсетеді.
Әлеуметтік қызметтер үйінде, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Қызмет түрлерінің барлығы қолжетімді. Сондай-ақ түрлі қиындықтардың шешімін табу үшін есік қаққан жандарға арнайы психолог пен адвокат бөлмелері қарастырылған. Ең бастысы, мұндағы қызметкерлер қызмет көрсетудің бағалау деңгейінен өтеді.
Ләззат Қалтаева, «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қауымдастығының төрағасы:
- Бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «тек денсаулығына қатысты ақпарат керек» деген түсінік болса, қазір бәрі басқаша. Олардың да баспанаға, білімге қатысты мазалайтын мәселелері бар. Ол үшін бұрын қаланың әр шетіне жүгіретінбіз. Енді мына Әлеуметтік қызметтер үйінде кедергісіз қызмет алуға мүмкіндік бар.
Орталықтандырылған әлеуметтік қызмет көрсету үйінде кәсіби бағдар беру, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға жолдама және тұрғын үй сертификатын алу бойынша жан-жақты кеңестер беріледі. Айта кетейік, биыл әлеуметтік қолдауға 25 миллиард теңге бөлініп, 124 мың адам әлеуметтік көмекпен қамтылатын болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов