Жыл соңына дейін Алматыда екі метро бекеті пайдалануға беріледі
Алдағы бесжылдықты қамтитын «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары бойынша қалада 300-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар көлік жүйесін реттеп, кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бастамалар да бар. Қала әкімі 2 жарым сағат бойы журналистердің сауалына жауап беріп, өткен бес айдағы Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да айтты.
Алматы «Шетсіз қала» қағидатымен дамуын жалғастырады. Яғни «қала орталығы», «қала сырты» деген ұғым енді болмайды. Бұл бастама қала аумағына кіретін барлық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Оң өзгерістер халықтың көз алдында жүріп жатыр.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Алатау, Наурызбай, Түрксіб пен Медеу ауданында жаңадан қосылған елді мекендерде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сумен қамту да бар. Мектеп салынып жатыр. Бір Алатау ауданының өзінде 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Спорттық кешендер салынып жатыр. Балалар ойнайтын жерлер мен Алатау ауданында екі парктің құрылысы басталды. Түрксіб ауданында үш парктің жұмысы жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктің күн тәртібінен коронавирус мәселесі бір сәтке түскен емес. Халықтың 37%, яғни 403 мыңдай адам екпе алды. «Үнді» штамының тіркелуіне байланысты шектеу шаралары қолға алынады.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Локдаун болмайды. Бірақ шектеу шаралары міндетті түрде қабылданады. Індет жылдам тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бәрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Бұл жерде ең алдымен бүкіл ел бойынша вакциналауды күшейту керек.
Жыл басынан бері қалада өнеркәсіп өсімі 19% артты. Тұрғын үй құрылысында 113% өсім бар. Мектеп, балабақша, аурухана құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қала ішінде 40 шақырым су құбыры, 12 шақырым кәріз желісі тартылды. «Жасыл Алматы» бағдарламасы шеңберінде 480 мыңдай түп ағаш егілген. Бес ай ішінде 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Өнеркәсіптік саланы қолдау аясында индустриалды аймақты дамытудамыз. Жыл соңына дейін 40 млрд теңге сомасында 9 жоба іске асатын болады. Бұл жерде 1000-ға жуық жұмыс орны құрылады.
Цифрландыру қала тіршілігінің барлық маңызды салаларында қолданылуда. 2025 жылға дейін цифрландыру стратегиясы қабылданды және тиімді басқару жүйесін қалыптастыру үшін БигДейт жобасы қолданылады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дулат Ентебеков