Жаңа Салық кодексі халықаралық тәжірибеге сай әрі халық пен отандық кәсіпкер үшін тиімді тұсы көп. Ал мұнай, энергетикалық сусын өндірісі, банк қызметі сияқты кей салада салық көбейтуі мүмкін.
Ұзақ уақыт бойы талқыға түскен салық заңнамасы күшіне енді. Құжатпен жақсы таныс сарапшылар мен іскер топ өкілдері кодексте тың өзгерістер барын айтады. Мәселен, жеке табыс салығының сараланған ставкалары бұрыңғыға қарағанда әлдеқайда әділетті. Тұрғындардың көп бөлігі үшін 10 пайыз, ал айлық кірісі 3 млн теңге көлемінде болатын азаматтарға 15 пайыз салық салынады.
Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:
- Салық есептілігі 10 пайызға қысқарылуы, салық санының 20 пайызға қысқаруы, сонымен қатар салық мөлшерлемесі сараландыру, инвестицияны жұмылдыруға көптеген белсенді жүйелерні арттыруды қарастыру, сән-салтанат заттарына салық жүктемесін арттыру маңызды өзгерістер болып табылады. Әлеуметтік салаға, оның ішінде білім, медицина саласына 10 пайыздық корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі белгіленген.
Жаңа салық заңнамасы кәсіпкерлер үшін де қолайлы болары анық. Бұрын 7 арнайы салық режимі болса, қазір 3-еу. Яғни іскер азаматтарға таңдау мүмкіндігі берілді. Бұл өз-өзін жұмыспен қамтушылар үшін де тиімді. Бұрын оларға кірісін растай алмағандықтан, салық төлеу қиын болатын. Енді арнайы жүйе енгізіліп, табысының 4%-ын төлесе болды. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Осылайша заңды түрде жұмыс істеп, зейнетақы мен әлеуметтік сақтандыру ала алады. Яғни шағын бизнеске қолайлы шарт бар.
Ерлан Сағнаев, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы:
- Отандық мерзімді басылымдарға 10 пайыз көлеміндегі салық қарастырылған. Өңдеу және қайта өңдеу саласын ынталандыру мақсатында шикізатты Қазақстан аумағында өңдейтін жекелеген салық төлеуші санаттары үшін ҚҚС төлеуді 1 жылға дейін кейінге қалдыру көзделген.
Жаңа Салық кодексінде бірқатар өзгеріс бар. Тарқатып айтсақ, бизнес пен инвесторлар үшін биржалық құнды қағаздардан кірістер бойынша жеңілдік сақталды. Ал шығарылғанына 10 жылдан асқан көліктерге салық төмендетілді.
Қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі 10 айлық есептік көрсеткішке төмендетілді. Медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек үшін келер жылы 5, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз болып белгіленген. Отандық мерзімді басылымдар үшін 10 пайыз бекітілді. Ал МӘМС, кітап шығару, археология ісі қосарланған құн салығынан босатылады.