Алматыда дизель отыны тапшы
Оның үстіне бағасы да өсіп жатыр. Көлік жүргізушілері жанармай құны қымбаттайтын болса, басқа тауарларға әсер ететінін айтады. Алматыдағы жанармай құю бекетіне келген көлік жүргізушілері дизельді қалаған көлемінде ала алмай отыр. Кейбір бекеттер дизель таусылды десе, басқаларында ақшаға сатылмай, тек арнайы талонмен ғана беріледі. Жүргізушілер болса, жанармайдың бағасы өсіп жатқанына наразы.
Қазір Алматыда ең көп сатылатын «АИ-92» маркалы бензиннің литрі 169 бен 175 тенге болса, дизель 192 - 205 теңге аралығында. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдәнің айтуынша, алдағы уақытта елімізде жанармай бағасы өседі. «Бірақ тапшылық жоқ», – дейді.
Олжас Байділдинов, тәуелсіз сарапшы:
- Елде дизель отынына тапшылық жоқ. Ал кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде пайда болған ұзын-сонар кезек уақытша құбылыс. Өйткені транзиттік ауыр көліктер жүздеген литр дизель құятындықтан, өзгелерге жетпей қалуы ықтимал. Бұл жағдайды пайдаланып, дизель бағасын өсіріп жіберген жағдайлар да болып жатыр. Мемлекет бұны бақылауға алады деп ойлаймын.
Энергетика министрлігінің өкілдері: «Қазір мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті деңгейде», – дейді.
Мұрат Тұрдыбеков, ҚР Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің басқарма басшысы:
- Алматы қаласында «АИ-92» маркалы бензиннің жиынтық қоры 30,3 мың тонна болады. Дизель отыны бойынша қор 10 мың тонна болады. Бұл өңірдің 18 тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазіргі уақытта Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан Алматы мен Алматы облысына 4 мың тоннадан дизель жіберілген.
Елімізде 2016 жылдан бері жанар-жағармай бағасына мемлекет араласпайды. Бензин мен дизельдік отынның құны еркін нарықта реттеледі. Ал Энергетика министрлігі: «Еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты жағдайда жұмыс істеп, ішкі нарықты жанармаймен толық қамтамасыз етіп отыр», – деп мәлімдеді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Едуард Кон