Атырау әкімдігі көкөніс бағасын тұрақтандыруға тырысып жатыр
15-25 маусым аралығында бұл көкөністердің бір келісі 500-ден 700 теңгеге дейін жеткен. Оны мамандар қысқы қордың таусылып, жазғы өнімдердің кеш өсіп-жетілмеуімен түсіндіріп отыр. Айта кету керек, ерте пісетін көкөніс түрлері мұнайлы өңірге Иран, Әзербайжан мен Ресейдің көршілес облыстарынан тасымалданады.
Алайда биыл пандемияға байланысты қатынас қиындап, уақытша қымбатшылық пайда болыпты. Қазір жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді.
Маусым айының ортасынан бастап Атырауда көкөніс бағасы көтерілді. Әсіресе халық көп тұтынатын картоп пен сәбіздің бағасы еселеп өсті
Мұнайлы өңір жылда осы мезгілде сырттан тасымалданатын көкөніске тәуелді болады. Себебі қысқы қор таусылған, биылғы өнім пісіп үлгермей жатыр. Осы жағдайды тамыршыдай тап басатын алыпсатарлар қолда барын бұлдап бағуға тырысады. Дегенмен, екі күннен бері жағдай қалыпқа түсіп келеді.
Алтынай Ерубаева, Қалалық кәсіпкерлік және ауыл ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта Астрахан картобының бағасы көтерме саудада 150 теңге, бөлшек саудада 180-200 теңгедей. Сәбіз көтерме саудада 385 теңге болса, бөлшек саудада 450 теңгеден сатылып жатыр. Атырауда оншақты тасымалдаушы бар. Олардың қай жақтан қандай бағада әкеліп жатқанын және келесі бағасы қандай болатынын анықтап біліп отырамыз. Мониторинг жүргіземіз.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл – халық ең көп шоғырланатын Дина базары. Мұнда көкөністің алуан түрін табуға болады. Ал біз сөз еткелі тұрған картоптың бағасы өздеріңіз көріп тұрғандай 160-190 теңге шамасында. Ал пияз 130 теңге. Айтқандай, бүгін сәбіз кездеспеді. Себеб ол көтерме саудаға енді ғана келіп жатқан көрінеді. Жалпы енді аз күнде жергілікті пісе бастайды. Сол кезде баға да айырмашылық болуы керек деп күтілуде.
Апта басында Атырауға Ресейдің Астрахан, Волгаград облыстарынан 130 тонна картоп, Әзербайжаннан 200 тонна сәбіз жеткізілді. Олар жергілікті базарлар мен сауда орындарында сатылып жатыр. Жалпы облыс халқының тәуліктік тұтынымына 1,5 тонна сәбіз, 8 тоннадай картоп жіберіледі екен. Өнімнің көбеюі оның бағасына игі ықпал еткен. Айтқандай, биыл жергілікті шаруашылықтар 4800 гектарға картоп, 1 мың гектарға көкөніс еккен. Ол өнімдер тұтынушы дастарханына 10 шілдеден кейін түседі деп күтілуде.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов