Жасыл желек елордамен бірге жайқалып келеді
2023 жылға қарай флорасы мен фаунасы қатар дамып жатқан астананың орманы келешекте Бурабайдың табиғатымен түйісетін болды. Ұлан-ғайыр атырап дегеннен гөрі, қазір астананың айналасын ұшы-қиыры жоқ орман алқабы деп сипаттаған әлдеқайда жарасымды. 1997 жылдан бастап қайыратын болсақ, 90 мың гектар жерге 146 млн астам ағаш егілді. Бұрын-соңды Қазақстан аумағында дәл осындай көлемде қолдан орман өсірілген емес.
Жасыл желек астанамен бірге жасап келеді. Елбасы өзінің төл жобасын алғашқы күннен бастап бақылауына алған. Әр келген сайын орман өсіріп, оны баптап-күтіп жүрген еңбеккерлермен емен-жарқын әңгімелеседі, ғалымдармен пікірлеседі.
«Орман түгілі, бір тал ексең де тамыр жаймайды», - деп сол кезде тап басып айтпақ болғандардың дегені болмады. Бұл күмәннің де жөні бар. Себебі ылғалы аз, тұзы мол тақыр далада ағаш егудің әу баста қиындығы көп еді. Оның бәрін Ғабит Оразбеков жақсы біледі.
«Студент кезімізде бұл жерге талай рет картоп жинауға келгенбіз» деп езу тартады. Маңайдағы совхоздар мал азығын егетін алқапты орманға айналдырудың басы-қасында жүрген мамандардың бірі Ғабит Оразбеков қазір білген-түйгенін жастарға айтады.
Ғабит Оразбеков, «Астана орманы» ЖШС бөлім басшысы:
- Біз кезінде механика түрінде салдық. Екі адам отырады да, көшетті салып отырады. Кейін технологиясы өзгерді. Ол кезде тек қана жапырақты ағаштар салынды. Қылқанжапырақты ағаштар арасында салынды, бірақ оның пайызы өте төмен.
Рас, қазір технология өзгерді. Тәжірибе де көбейді. Әу баста жиде, үйеңкі, қараағаш, қарақат көп өсірілсе, қазір қылқанжапырақтыларға кезек келді.
Айтпақшы, қылқанжапырақты ағаштар 150 жылға дейін өмір сүреді. Олар адам ағзасына өте пайдалы. Ағаштың басқа түрлеріне қарағанда, қылқан жапырақтылар шаң-тозаңды 20-30 есе көп тазартады.
Жасыл желектің жайқалып тұрғаны – ғылымның жемісі. Әуелде тәжірибенің аздығынан болар, еккен ағаштың шығымдылығы нашар болды. Бір гектар жерге 2,5 мың түп көшет отырғызылса, соның 25% ғана жерсініп кететін. Қазір бұл көрсеткіш – 70%.
Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» кәсіпорнының бас директоры:
- Біз тұқымды жергілікті жерден жинап алып, еге бермейміз. Ағаш отырғызудың да арнайы ережесі бар. Мысалы, оңтүстік жақтың ағаштары бұл жерге келмейді ғой, өспейді. Сондықтан бізге жарайтын ағаштарды СҚО-дан әкеліп отырғызып жатырмыз. Сосын ШҚО-ның құмды емес, топырақты жерлерінен, Павлодар жақтардан алып отырғызамыз. Олар – біздің климатқа келетін ағаштар.
90-жылдардың соңында 1 мың гектардан басталған жұмыс, қазір 5 мың гектарға жетті. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуіне 8 млн түп ағаш егіледі.
Орман өсіру оңай емес. Ұзақ әрі машақаты көп жұмыс мына зертханадан басталады. Осылайша, жиналған, тексерілген тұқым себіліп, екі жыл бойы өсіріледі. Одан соң көшеттер орманға отырғызылады. Бұл жерде де 5 жыл күтім керек.
Орманда қырғауыл өсіріледі. Бұл да «Жасыл белдеу» жобасының аясындағы үлкен істің бірі. Былтыр құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілген инкубациялық мекеннің жыл сайын 2 мың қырғауылды орманға жіберу мүмкіндігі бар.
Берік Жетпісбаев, «Астана орманы» ЖШС директорының орынбасары:
- Біз үш айға дейін ұстап отырған мақсатымыз сол, балапан сияқты жібере салмай, үш айға дейін осында ұстап отырсақ, айналасындағы жасыл орманға бейімделеді.
«Орман санитары» саналатын бұл құстың пайдасы көп, ағаштарды зиянкес атаулыдан қорғайды. Оның үстіне елорданың ауа райына төзімді.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Мамыр мен маусым аралығы – қырғауыл жұмыртқалайтын шақ. Осы уақыт аралығында бір құс бір жылда 25 жұмыртқа табады. Инкубаторда өсіп шыққан балапан үш айдан соң ұшырылады. Жалпы 2010 жылдан бастап қайыратын болсақ, астананың айналысындағы орманға 10 мыңға жуық қырғауыл жіберіліпті.
Жасыл желекке әр келген сайын Елбасы қырғауыл ұшырады. Бұл жолы да сол дәстүрден айнымады. Орманның өзінде өсіп шыққан құстар енді орманның өзін зиянкестерден қорғайды.
Орман бар жерге аң мен құс үйір. Қазір бұл аймақтың флорасы да, фаунасы да дамып жатыр. Қалың ағаштың арасын кезіп жүрген түлкі мен қоянды, марал мен елікті, тіпті бұғыны да кезіктіруіңіз әбден мүмкін. «Көкшенің қалың орманынан жануарлар біртіндеп келе бастады», - дейді «Астана орманы» мекемесінің мамандар.
Лаура Мәлікова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:
- Жалпы 2 млрдқа жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Қала территориясында 15 млнға жуық жасыл желек отырғызу ойда бар. Мұның барлығы не үшін жасалып отыр? Тек климатты жұмсарту бағытында емес, биоалуандылыққа бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін де жасалады.
Осылайша флорасы мен фаунасы қатар дамып жатқан астананың орманы келешекте Бурабайдың табиғатымен түйісетін болды.
Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
- Бұл жұмыстарға облыс бюджетінен қаржы бөлінді. Топырақты зерттеп болғаннан кейін біз ағаш отырғызуға жарайтын учаскелерді алу ісіне кірісеміз. 2023 жылы Нұр-Сұлтан мен Шучинск-Бурабай ормандары қосылады.
Жасыл желектің тағы бір ерекшелігі демалыс күндері мұнда келіп серуендейтіндердің саны көп. Әсіресе таза ауамен тыныстап, спортпен шұғылданамын деуішлерге жағдай бар. Ал күзге қарай қарақат піскен кезде мұнда келетін қарашаның қарасы тіпті қалың.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Далалы аймақта орман өсіру бойынша айтарлықтай тәжірибе жинадық. Қолданылатын ғылыми тәсілдер есебінен жерсіну көрсеткіші 20%-тен 80%-ке дейін өсті.
Жасыл желекке жиі келетіндердің бірі – Тәуекел Түсіпбеков. Отбасымен серуендейді, велосипед тебеді. Велосипедке арналған 25 шақырымдық жол сайрап жатыр.
Тәуекел Түсіпбеков, қала тұрғыны:
- Адамдар отырып демалатын жері, веложолы – бәрі жақсы. Әдемі, ыңғайлы етіп істелген. Осы жұмыстардың бәрі көңілімізден шығып тұр.
20 жыл бұрынғы мәліметтермен салыстырсақ, қазір Нұр-Сұлтан қаласында аптыққан желдің екпіні бәсеңдеген. Желдің жылдамдығы секундына 3,6 метрден 2,8 метрге дейін төмендепті. Боранды күндер екі есе азайса, шаңды дауыл 11 күннен 9 күнге дейін кеміген. Тұтас алғанда, қазір елорданың қысы қатал емес, «орташа қатал» санатына ауысқан. «Қазгидромед» мамандарының ұйғарымы осындай.
Ұшқан құсы мен жүгірген аңы көбейген, шыршасы шырайын кіргізген, қайыңы мың бұралған, қарақаты тіл үйіретін жасыл желек жобасы жалғаса бермек. Шаһардың айналасы ғана емес, іші де біртіндеп көкке оранып келеді. Арман қала атанған астананың қорғанына айналған орманының қазіргі келбеті көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Дулат Ентебеков, Серік Қоңырбаев, Болатбек Табалдиев