«Менің алғашқы жұмыс орным» жобасы іске қосылды
Мамандардың айтуынша, бұл – халықты еңбекке тартуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Әсіресе қазір кәсіптік білім алу курстары мен жастар тәжірибесіне қатысушылардың саны артып келеді.
Оған қоса жақында бұрын еш жерде еңбек етіп көрмеген жандарға арналған «Менің алғашқы жұмыс орным» жобасы іске қосылды. Бұл шаралар Мемлекет басшысы мен Елбасының халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған.
Халықтың осал топтары әрдайым мемлекеттің қорғауында болады. Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 38 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 17 мың 500 азамат Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасты.
Диляра Иманқұлова, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
- Біз келген адамдардың ешқайсысын жұмыссыз қалдармауға тырысамыз. Мұнда күніне 200-ден аса тұрғын келеді. Тұрақты еңбекпен қамтуға мүмкіндік болмай жатса, уақытша жұмыс орындарын ұсынамыз. Соған байланысты түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Соның негізінде өзін жұмыспен қамтуға, шағын несие алып, өз ісін ашуға да болады. Мәселен, қала әкімінің бастамасымен ашылған Әлеуметтік қызметтер үйінде 800-ге жуық қызмет көрсетіледі. Сол жерден барлық ақпаратты алуға болады.
Қазіргі уақытта оқу орындарын бітірген түлектер үшін жастар тәжірибесі айтарлықтай қолдау болып тұр. Оларды еңбек өтілі болмағандықтан жұмысқа алмайды. Осы бағдарлама бойынша ақы төлеу 73 мыңнан 102 мың теңгеге көбейді.
Ақмарал Айдосова, қала тұрғыны:
- Бағдарламашы мамандығы бойынша жұмыс орын таппағандықтан жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Жүгіне отырып, бұл жақтағы жастар іс тәжірибесі бағдарламасымен таныстым. Бұл жерде маған бірнеше мекемені көрсетті. Арасынан өзіме қолайлы мекемені таңдап соған жолдама алдым.
Қазір мегополисте жұмыссыздық деңгейінің 0,1% төмендегені байқалады. Қаладағы орташа жалақы 268 500 теңгеге жуық. Бұл республикалық көрсеткіштен 38 мың теңгеге жоғары.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов