Қостанайда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің сапасы сын көтермейді
Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың кем-кетік тұстары көп болып тұр. Үйдің есік, терезе жақтауларынан жел үрлейді, ылғалдан қабырғалары сызданып, сылақтары түсе бастаған. «Мұндай жағдай екі жылдан бері жалғасып келеді», – дейді олар. Төзімі таусылған тұрғындар шағымдарын айтып, облыс әкімдігіне барды.
«Юбилейный» шағын ауданындағы 144 пәтерлі 9 қабатты үй мемлекеттік бағдарламамен екі жыл бұрын салынған. Әлеуметтік үйде негізінен көпбалалы отбасылар, қарт кісілер, жас мамандар тұрады. Бас кезінде баспаналы болғандарына қуанған жұрттың көңілі алғашқы жаңбырдан соң, су сепкендей басылды.
Әбілі Сағитов, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Міне, көрсеңіздер, су ағып жатыр. Жарты шелек су шықты. Таңертең ғана төктім. Қайтара толып жатыр. Міне, дымқыл болғандықтан, жиһаздың өңі қашып кетті. Әр жерде шелектер жатыр. Мына жерде тоқ ұрса, қауіпті болуы мүмкін.
Әлия Баева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Қазір жаңбыр бомай тұр. Жаңбыр жауса, мынау 1 шелек 10 минутта толып тұрады. Жарықты жағуға қорқамыз. Кішкентай балалар ғой.
Бұл үйдің әр пәтерінде осындай көрініс. Тамшы астына тосқан шелек, шіләпшіннен аяқ алып жүре алмайсың. Төбеден сорғалаған су төртінші қабатқа дейін жетіпті. Тұрғындардың ашу-ызасын түсінуге болады. Арыз-шағымдарын айтып, біраз табалдырық тоздырған. Тіпті мердігерді сотқа да берген. Сот екі жақты ымыраға келтіріп, барлық кем-кетік тұстарын өткен жылдың желтоқсан айына дейін жөндеймін деген уәдесін алған. «Алайда мердігер айтқан сөзінде тұрмады», – дейді тұрғындар. Амалдары таусылғасын, олар облыс әкімдігіне барды. Құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Берік Таңжарықов мердігер тарапынан жіберілген барлық олқылықтар тізіліп, тексерілетіндігін және оның бәрі қысқа мерзімде қалпына келтірілетіндігін қадап айтты.
Берік Таңжарықов, Қостанай облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Тексеру жұмыстарын өткіземіз. Құрылыс және экономикалық сараптамалар тағайындалады. Оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Бүгін толығымен шағымдарды анықтау бойынша жұмыс яқталып, ертеңнен бастап түзету жұмыстарын өткіземіз.
Айтқандай-ақ, түстен кейін Қостанай қаласы әкімінің орынбасары бастаған топ көпқабатты үйдің жағдайымен танысып, кемшіліктерін қағазға тізіп шықты.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг