СҚО-да жаңа оқу жылына дайындық басталып кетті
Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 4,8 миллион теңгедей қаражат қарастырылып отыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Мына ғимарат 1975 жылғы. Содан бері қырлап-сырлаудың арқасында тұрған. Тек 2013 жылы мұнда 13 миллион теңге бөлініп, білім ошағының қас бетіндегі терезелері жаңасына ауыстырылған екен. Ал биыл күрделі жөндеу жұмыстарына бөлініп отырған қаржы он есеге артық.
Бұл – «Большая малышка» орта мектебі. Жарты ғасырға жуық тарихы бар білім ошағында жұмыстың нағыз қызған шағы. Нысанның шатыры толығымен ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылатын болады. Қазір құрылысшылар едендер мен есіктерді және электр жүйесін қайта қалпына келтіріп жатыр.
Наталья Машкина, мектеп директоры:
- Мектептің артқы жағында 96 терезе бар. Оның барлығы жаңаланады. Ал жылу жүйесі тұзды суға әбден бікетіліп қалған. Қыста суық күндері кейбір сыныптар жылынбайтын. Ол мәселе де шешілетін болды. Қазір мамандар таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыста. Атқарылып жатқан шаруаларды күнде келіп, қадалағалап отырамыз. Жаңғыртуға ел қазынанасынан 130 миллион теңге қаржы бөлінді.
Әйгілі велошабандоз Алексей Луценко оқыған бұл мектеп 450 орынға арналған. Бірақ қазір тек 169 оқушы оқиды. Жақын маңдағы бес ауылдың балалары осында білім алады. Қазір 4 бригада жұмыс істеуде. Сәтін салса, іс 25-ші тамызға дейін аяқталу қажет. Тағы бір ерекшелік, биыл ауыл мектептеріндегі барлық жылу қазандықтары сыртқа шығарылып жатыр.
Владимир Ткаченко, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 176 мектепте қазандық ғимарат ішінде орналасқан екен. Кейбірі жертөледе. Олардың барлығын сыртқа шығару үшін арнайы жоба мақұлданды. Қазір осы бағытта шаруалар басталып кетті. Мұның барлығы қауіпсіздік үшін екенін айта кету қажет.
Жалпы бүгінгі күні облыста 468 мектеп бар. Екі жылда оның 249-ы күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл өңірде 2 білім ошағының құрылысы басталады. Ал жаңа оқу жылында Петропавл қаласында жаңадан 900 орындық мектеп пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев