Қарағандыда газ тарту ісі қалай өрбіп жатыр?
Мамандардың айтуынша, тариф елордадағы көгілдір отын бағасымен шамалас болады. Газдандыру жұмысы аяқталған кезде тұрғындар от жағудың қиындығынан құтылады. Сондай-ақ өңірдің экологиялық ахуалы жақсарады.
Әбжановтар отбасы табиғи газ кіргізу жұмысына қызу кіріскен. Өткен жылдың күзінде үй жанынан газ құбыры жүргізілді. «Көгілдір отын жеткенде бәріміз қуандық», – дейді үй иесі. Жыл сайын отынға кететін шығынды есептегенде газ жағудың тиімді екенін ұққан.
Аман Әбжанов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- 300 мыңнан кем болмайды. Мен сұрастырып отырмын. Оны егер банк арқылы несиеге рәсімдесе, жақсы болар еді. Бір-екі жылда ай сайын төлеп тұратын. Ол халыққа сыйымды болар еді.
Мамандардың есептеуінше, үйдің аумағына қарай құбырға қосу, қазандық орнату және ішкі тарату бағасы 150 мың теңге мен 550 мың теңге аралығында болмақ. Табиғи газды пайдалану кезінде едәуір үнемдеуге болады.
Ұлантай Үсенов, ТКШ және Энергетика басқармасының жетекшісі:
- Көмір жаққаннан гөрі газды пайдалану әрине, тиімді. Суды ысыту кезінде де үнем болады. Тұрмысы төмен отбасыларға тарифтік смета аясында көмек көрсетіледі. Ал жабдықтарды орнату бойынша мерзімсіз қарыз беру жөнінде банктермен жұмыс істеп жатырмыз.
Газ желісі облыс бойынша 3 мың үйге тартылды. Қазір қондырғыларды басқарушы компанияға өткізу, есептеу және тариф бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
Асан Дәрібаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:
- Көтерме бағасы соңғы есептелген бағаның 70% құрайды. Ал ары қарай тарату бөлігі бойынша тариф есептеледі. Бұл – күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстары. Жабдықтау үшін қосымша бар. Қазір нақты бағасын айту қиын. 40-45 теңге шамасында болады деп ойлаймыз.
Тариф қыркүйек айында бекітіледі. Облыс аумағынан «Сарыарқа» газ желісінің 820 шақырымы өтеді. 120 ауыл мен 5 қаланы газдандыру жоспары бар.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Аслан Демисбаев