Өскемендегі мұқтаж жандарға арнап салынған үйлер сапасыз болып шыққан
Мемлекеттік бағдарлама аясында тапсырылған баспананы олар 5 жыл күткен. Бүгінде үйдің төбесінен су сорғалап тұр. Басқа да кем-кетігі жетіп жатыр. Тіпті мүгедектерге арналған пандустың өзі қалай болса, солай жасалған. Тоғыз қабатты үйдің табалдырығынан бастап төбесіне дейін кемшіліктер тұнып тұр. Оны бізге осы үйдің тұрғыны, күміс алқа иегері Ғалиянұр Ынтықбаева ашына көрсетті.
Осыдан екі апта бұрынғы нөсер кезінде суағардан аққан жаңбыр пәтерлерге дейін кіріп кеткен. Баспананың басынан аяғына дейін салғырт салынғанына дәлел көп. «Оның бәрін көрсетіп шығу үшін тіпті бір күн жетпейді», – дейді көпбалалы ана.
Жап-жаңа үйдің шұрық-тесігін түгендеп шыққан Ғалиянұрдың салы суға кетті. Өткен күзде ғана берілген баспананың қазіргі түрі осындай болса, бес жылдан кейін не болар екен деп алаңдаулы.
Ғалиянұр Ынтықбаева, көпбалалы ана:
- Бергендеріне рахмет, Үкіметке рахмет айтамыз. Бірақ істелмеген жұмыс өте көп. Жаңбыр жауған сайын су ағады, өзіміз соны қолмен жуамыз.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған үйде 100-ден астам жанұя тұрып жатыр. Бастапқыда олар үй сапасынан күмәнданып, қабылдаудан бас тартпақ болыпты. «Алайда жергілікті әкімдік өкілдері бәрін «қатырамыз» деген соң, сеніп, енді сан соғып отырмыз», – дейді. Жауапты сала мамандары болса жайбарақат. Құрылысты салған мердігер компанияның кепілдік мерзімі аяқталған жоқ, ендеше бәрі жөнделеді деуге үміт бар. Оның үстіне бұл іске Nur Otan партиясы да араласыпты.
Мерей Әкімжанов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Nur Otan партиясымен қалған дефектілер бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Анықтау жұмыстары жүргізіліп біткен соң, мердігер компаниямен кепілдік мерзіміне сәйкес жұмыс атқарылады.
Ал құрылыс нысанын қабылдап алатын арнайы комиссия назарына бұл кемшіліктер әу баста қалай ілікпеген. Ол жағы беймәлім қалып отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин