Ақсулық көпбалалы аналар жалдамалы пәтерлердің сапасына наразы
Жауын түссе болды, үйдің әр қабаты мен жертөлесі судың астында қалады. Салдарынан отбасылар, көк басқан пәтерлерде тұруға мәжбүр. Бүгінде уақытша берілген көпқабатты үйде 30-ға жуық көпбалалы отбасы тұрады.
Көпқабатты үйдегі пәтерлердің барлығы нашар күйде. Жаңбыр жауса болғаны, су төбеден сорғалап ағады. Баспананы жазда су, қыста қырау басады. Айнаш Асайынова – бес баланың анасы. Осындай сыздың салдарынан денсаулығы сыр беріпті. Балалары ауырмасын деп туыстарына жіберуге де мәжбүр.
Айнаш Асайынова, көпбалалы ана:
- Әкімдер де келді, көрді. Өздері үйге кірді, қарады, тексерді. «Бәрін істейміз», - деді. Нәтиже жоқ. Осындай дымқыл жерде әлі тұрып жатырмыз. Балалар ауырып қалмасын деп бәрін әкесіне жіберіп жатырмын. Өзім ауру болдым. Өзім кейде дем жетпей ауырамын, оның үстіне қан қысымым қосылды.
Әлеуметтік тұрғын үй үш жыл бұрын сән-салтанатпен қолданысқа берілді. Шенеуніктердің уәдесінен әбден шаршаған тұрғындардың барар жері, басар ату қалмады.
Салтанат Қазаева, көпбалалы ана:
- Бұл мәселемен үш жыл бойы күресіп келе жатырмыз. Әлі ештеңе шешілген жоқ. Құрылысшылар келеді, жазба жүргізеді, бірақ бәрібір сол бірқалыпты. Төбенің, жертөленің мәселесін шешкен жоқ.
Бұл үйді реконструкциялауға 800 млн. теңге бөлінген. Жобаның тапсырыс берушісі үй қолданысқа берілген сәтте тиісті құжаттарға қол қойып, нысанды еш олқылықсыз қабылдаған. Енді көпқабатты үйдің ақауларын растау үшін техникалық сараптама тағайындалды.
Асхат Жармағамбетов, тапсырыс беруші ұйым өкілі:
- Сараптама үйдегі олқылықтарды анықтайды. Кейін мәселенә шешу үшін шара қолданамыз. Сараптамадан соң ақауларды жоюға кірісеміз. Мердігер ұйымның салғырттығы дәлелденсе, дау сот жүзінде шешілмек.
Бұған дейін көпбалалы отбасылар мердігер ұйымға шағымдарын жеткізген. Жауаптылар су басқан пәтерлерді жөндеп берген. Алайда неге екені белгісіз, тұрғындардың өтінішімен баспана шатырын жөндемеген. Тапсырыс беруші сараптама нәтижесі екі аптадан соң белгілі болатынын жеткізді. Кейін тиісті шара қолданылады деп сендірді.