Еліміздегі ең жас әкім небәрі 26 жаста
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек олармен онлайн форматта жүздесіп, алдағы жоспарларын пысықтады, нақты тапсырмалар берді. Жаңа әкімдердің басым көпшілігі басшылық қызметке алғаш рет тағайындалған.
Владислав Кирейдің жасы небәрі 26-да. Еліміздегі ең жас әкім. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған ол бірнеше жыл Абай ауданындағы жастар қозғалысына жетекшілік еткен. Қазір жаңа қызметтің қыр-сырын меңгеріп жатыр.
Владислав басқаратын Қарағанды селолық округінде қазір 2 мың халық тұрса, бюджеті 2,5 миллион теңге шамасында. Жуырда мұнда су жүйесі жаңартылып, көшесіне асфальт төселіп, жарықтандырылған. «Бірақ атқарылатын жұмыс әлі де шаш етектен», - дейді жаңа әкім.
Владислав Кирей, Қарағанды селолық округінің әкімі:
- Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде мен халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдадым. Енді қолымнан келгенше ол мәселелерді шешуге тырысамын. Менің ойымша, егер тетігін тапса орындалмайтын жұмыс жоқ.
Бұл күні облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңадан сайланған 75 әкіммен онлайн форматта дидарласып, нақты тапсырмалар берді. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге барлық күш-жігерді салу қажет екенін айтты. Сайлау кезінде берген уәде үдесінен шығу керек екенін ескертті.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Ауыл – біздің алтын бесігіміз, атамекеніміз. Ауылдың гүлденуі – мемлекеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Ел экономикасында ауыл шаруашылығының алатын орны да, маңызы да ерекше. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы өнім өндірісі ауыл тіршілігіне тікелей байланысты.
Айта кету керек, 75 әкімнің басым көпшілігі басшылық қызметке алғаш рет тағайындалып отыр. Олардың арасында үш әйел бар.