Жамбыл облысының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Мұндағы 3,5 мыңнан астам халық тау суын жинап, ішіп отыр. Ауылдық округте тоз-тозы шыққан жолдар мен балабақша – басты проблема. Бір ғана Құмарықта 2 мыңнан астам халық тұрады. Бұл ауылға «таза ауызсу келеді» дегелі талай жыл болған. Олар қазір таудан келетін бұлақтың суын ішіп, күнелтіп отыр. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Қажыған жұртты құрғақ уәде мен бос сөз әбден шаршатқан.
Бауыржан Өмірбеков, Құмарық ауылының тұрғыны:
- Ішіп отырған суымыз осы. Бұл жерден мал да су ішеді, адам да су ішеді. Кейде су болмай қалады. Болмай қалған кезде күтеміз.
Елді мекенге бұған дейін су жүйесі тартылып, амалы жасалған көрінеді. Тіпті үйме-үй құбыр түтігін тастап та кеткен. Алайда одан су ақпайды.
Асқар Болатов, Құмарық ауылының тұрғыны:
- Бұл кірген жоқ. Бұл жаңадан келді. Бұны біткеннен кейін кіргізетін адам басқа дейді. Өткенде бастығына жолыққанбыз. Суды не үшін кіргізбей жатқандығын бізге айтпайды. Әкімнің бәрі түгел анау үлкенін де, кішісін де көргеніміз жоқ әлі. Бір жыл болды.
Сәуле Мүсірәлиева, Құмарық ауылының тұрғыны:
- Кімге барып жүгінеміз. Ішерге су таппай отырмыз. Ішкенге су жоқ. Қурап отырмыз. Есіктің алдының бәрі шаңы шығып жатыр. Әйтеуір мына жерге су келсе, қуанамыз. «Жақсы болды ғой» деп шелекпен іліп аламыз. Әр үйге сушүмек шығардық, су ағып тұрған жоқ.
Мән-жайды анықтап көрсек, аудан әкімі коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен. Ал жауапты мамандардың дені еңбек демалысында көрінеді. Жұртты толғандырған сұраққа аудан әкімінің баспасөз хатшысы жауап берді. Маман бұл ауылға таза ауызсу биыл күз айларында кіреді деп сендірді.
Мөлдір Тастанбек, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бұл жоба өтпелі. Құрылысы былтыр көктемде басталған. Оның аяталу мерзімі 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін деп белгіленген. Жұмыс кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Қазір жұмыстың 85% бітіп тұр.
Ауылдың тағы бір проблемасы – жол. Шұрық тесік, ойылып кеткен. Елді мекенде соңғы жылдары көлік нөпірі артып, көшелермен жүру қиындаған.
Жаңбырбай Имантаев, Құмарық ауылының тұрғыны:
- Қалқасы дәу жолдарда салынады ғой. Сондай салайық. Салыңдар! «Салып бер», – дедік. Оны салмайды. Міне, қазір көресің. Анау жерден ағызады аяғына дейін. Талай адамды, бала-шағаның талайын қақты. Мүгедек болғандары да бар. Бәленбай әкімге айттық. Әкім де тыңдамайды.
Елді мекенде балабақша мәселесі шешілмей тұр. 1969 жылы салынған ғимаратта бүгінде 25 бала тәрбиеленеді. Әбден тозған бөбекжай әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Тұрғындар мұны қысқа дейін реттемесе, балаларға обал деп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә