Қарағандылықтар тұрғын үй іргесінен салынатын бетон зауытының құрылысына қарсы
Қазір маңайы қоршалып жатыр. Бірақ жергілікті жұрт бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар: «Тұрғын үйлердің тура іргесіндегі өндіріс ошағынан ұшқан шаң-тозаң, ертеңгі күні халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді», – дейді. Бір қызығы, жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан бейхабар болып шықты.
Қарағандының ең биік нүктесінде орналасқан Көгілдір тоғандар ықшам ауданында қысы-жазы самал жел есіп тұрады. Қаладағы ауасы ең таза ауданның бірі. «Алайда бетон зауыты салынса, мұның барлығынан айырыламыз», – дейді жергілікті жұрт.
Гүлнұр Балтабаева, қала тұрғыны:
- Мынандай қиын заманда «қалай денсаулығымызды сақтаймыз» деп жүргенде, тура мұрнымыздың астынан келіп мынандай бетон зауыт салғанына біз қарсымыз. Әрине, ол адам денсаулығына өте зиянды. Онымен біз күнде демаламыз. Балалардың, адамдардың өкпесінен түк қалмайды.
Тұрғындар кәсіпорынның салынуына қарсы емес, тек қала шетінен бой көтергенін қалайды. Себебі жел үнемі сол жақтан соғатындықтан, ертеңгі күні шаң-тозаңның астында қаламыз деп алаңдаулы.
Фатима Байтұқова, қала тұрғыны:
- Жер аз ба, ана жаққа қарай салуға болады ғой. Неге салып жатыр? Міне, сорғы,кәріз, жарық. Әрине, артық шығынсыз жасағысы келеді. Бірақ халықпен неге ақылдаспайды?
Мердігер компания өкілінің айтуынша, бұл жерге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп қабатты 10 үй, мектеп пен емхана салынады екен. Сұйық бетон сол үшін қажет. Ал оны алыстан тасу қосымша шығын, сондықтан іргеде тұрғызуға шешім қабылдаған.
Дәурен Бұрнақов, мердігер компания өкілі:
- Әрине, егер сырттан тасысақ, қаншама шығын. Сондықтан осы жерге салып жатырмыз. Ол уақытша тұрады, жылжымалы кәсіпорын. Кейін құрылыс жылжыған сайын оны да көшіріп отырамыз. Кәсіпорын жабық тәсілмен жұмыс істейді. Сондықтан шаң-тозаң болмайды. Барлық санитарлық нормаларды сақтаймыз.
Мердігер осылай деп ақталғанмен, жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан бейхабар болып шықты. Құжат бойынша бұл жерге кәсіпорын салу қарастырылмаған екен.
Әбілқайыр Жұмағұл, Қарағанды қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің заңгері:
- Жоба бойынша мұнда бетон зауыты болмау керек, тек тұрғын үй салынуы тиіс. Мердігерлердің бұл әрекеті қаншалықты заңды екенін тексереміз. Құрылыс сапасын бақылайтын арнайы басқарма бар. Соларға хат жолдаймыз.
Алайда жергілікті жұрт билік өкілдерінің уәдесіне күдікпен қарайды. Егер кәсіпорын құрылысы тез арада тоқтамаса жолды жабуға бекініп отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков