Рудный қаласындағы шағын аудандар газ бен жарыққа жарымай отыр
Тұрғындар қыста баспаналарын көмір не ағаш отынмен жылытуға мәжбүр. Электр қуатының аздығынан үйдегі техника атаулы да күйіп біткен. Жаңа электр желілері тартылғанымен, абоненттер оған әлі қосылмаған.
Рудныйда 23-ші шағын аудан 15 жыл бұрын салынды. Жоба бойынша мұнда тек жер үйлердің құрылысына рұқсат берілген. Бірақ инженерлік желілер тарту мәселесін атқамінерлер ұмыт қалдырыпты. Биліктен қайыр болмаған соң, кейбір тұрғындар газды үйлеріне өз күшімен кіргізіп алды. Ал бұған қолы жетпегендері қыста көмір жағуға мәжбүр. Бүгінде аталған шағын ауданмен қоса тағы екі тұрғын үй алабына көгілдір отын тарту көзделіп отыр.
Сергей Кулачинский, Рудный қаласының тұрғыны:
- Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталуы тиіс еді. Бірақ маусымның ортасында ғана жұмысшылар қарасын көрсетті. Тендерді кім жеңіп алғанын анықтап, соларға жеке өзім шықтым. Олар: «Қаржы бөлінсе, құрылыс материалдарын алып жұмысқа кірісеміз» – деді. Біздің шағын ауданда құрылыстың ешқандай белгісі байқалмайды. Құбырлар әр жерде шашылып жатыр.
Құбыр бар да, газ жоқ. Міне, осы құбырлар 23-ші шағын ауданға тартылу керек-тін. Қызу жұмысқа кірісетін ауыр техникалардың ізі де жоқ. Тұрғындар көгілдір отынның игілігін мүлдем көрмей қаламыз ба деп алаңдаушылық білдіреді.
Людмила Шафоростова, Рудный қаласының тұрғыны:
- Газдандыруға қаражат үш жыл бойы бөлініп келеді. Былтыр желтоқсанда белгіленген жұмысты аяқтап, тартып береміз деп уәде бердіңдер. Неліктен сөздеріңде тұрмайсыңдар?
Шағын аудандағы тұралап қалған құрылыспен қала әкімі жақсы таныс. Бірақ оның тұрғындармен кездесуге құлшынысы жоқ сияқты. Бұл жолы орынбасарын жіберіпті.
Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- 2022 жылдың ішінде осы ықшам ауданының үйлерінде газ болады деген сенімдемін. Бірақ біз құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен бері көп үйлер өздеріне газ тартып алған. Сондықтан біз қазір түзетулер жүргізіп жатырмыз. Түзетулер біткеннен кейін құрылыс жұмыстары қайтадан жалғасады.
Тұрғындар әкім орынбасарына жарық азабын тартып отырғандарын да айтып қалды. Электр желілері жаппай тозғандықтан жиі істен шығып, қуаты жетпей жатыр. Жаңа бағандар орнатылғанымен, оларға әлі сым тартылмаған.
Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- Іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол бір-екі ай көлемінде бітеді деп сенемін. Содан кейін бастап адамдар өз үйлеріне жарықты техникалық шарттармен қоса алады.
Қалай дегенмен халықтың қалалық әкімдік өкілдерінің уәделеріне сенгісі жоқ. Бұл шағын ауданда шешімін күттірген мәселе көп. Мысалы, мына құдықтан ауызсудың үздіксіз ағып тұрғанына биыл үшінші жыл. Коммуналдық сала мамандарының онымен шаруасы жоқ сияқты. Қысқасы, тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар назардан тыс қалып жатыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг