Елімізде ревакцинация жасау қашан болатыны белгісіз
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде осылай деп мәлім етті. Дәл қазір ревакцинация бойынша халықаралық тәжірибе зерттелуде. Министрліктің ақпаратынша, елімізде қыстан бері 5 мыңға жуық адам көз жұмған. Оның 115-і – вакцина жасатқан азаматтар. «Бұл – жалпы көрсеткіштің 2,3 проценті», – дейді мамандар. Олар созылмалы аурулары асқынып көз жұмған. «Дәл қазір ел бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады», – дейді мамандар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күз аяқталғанға дейін елімізде 10 млн адамға екпе жасалуы тиіс. Әзірге елімізде 16 мыңға жуық адамға екпе егуге болмайды деген медициналық құжат берілген. Ал жүкті әйелдер мен 12 жастағы балаларды вакцинациялауға қатысты министр былай деді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Біз өндірушілерге қазір сұрау салдық. Бірақ әзірге нақты ұсыныстар берілген жоқ. Әзірге 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге егуге болатын вакцинаны және оның нұсқамалығын күтіп отырмыз. Вакцина жеткізілгенде бұл тізім кеңеюі де мүмкін. Себебі қазір бұл халықаралық тәжірибеге енгізіліп отыр.
Қыркүйектен бастап балалар дәстүрлі оқу режиміне көшетіні белгілі. Қазір арнайы топ мектептердің әзірлігін тексеруде. 354 мектептің санэпидемиологиялық талаптарға сай емес екендігі белгілі болды. Қазір бас санитарлық дәрігердің жобасы әзірленуде. Оған сай егер бір оқушы ковидке шалдыққан болса, бүкіл класс карантинге жабылуы тиіс.